28.04.2017, 12:09
Қараулар: 273
Ұлылар салған ұлы жол

Ұлылар салған ұлы жол

М.Мерәлиев атындағы аудандық тарихи-өлкетану музейінің және аудандық балалар саз мектебінің ұйымдастыруымен «Ұлылардан қалған мол мұра» атты тағылымды шара оздырылды.

Ұлылар салған ұлы жол

Шара жерлесіміз, домбырашы, музыка маманы, әдіскер-ұстаз Мұхит Айтқалиевтың туғанына 90 жыл, домбырашы, аудандық халықтық ұлт-аспаптар оркестрінің ұйымдастырушысы әрі дирижері, «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері», Қаратөбе ауданының құрметті азаматы Әлеумет Мәмбетовтің туғанына 75 жыл толуына байланысты шығармашылықтары мен өмір жолдарына арналды.
Шараға қатысқан Әлеумет Мәмбетовтің жұмыстастары, шәкірттері сондай-ақ, ұлы Екпін Мәмбетов және немере-шөберелері, қарындас, жиендері оның өмір жолы мен шығрмашылығына тоқталды.
Ең алдымен М.Мерәлиев атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры Ажар Берікқалиева сөз алып бүгінгі шараның мақсатымен, дарабоз домбырашының өмір жолымен, ұл-қыздырымен таныстырып өтті.
Тағылымды кеште сөз сөйлеген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Ермекқалиев: — Бұл шара барлық өмірін ауданымыздың рухани дамуына арнаған Әлеумет Мәмбетовті еске алу мақсатында өткізіліп отыр.
Біз білетін Әлеумет Мәмбетов — дарабоз домбырашы, дарынды дирижер, ауданымыздың құрметті азаматы. Әлеуметтің парасатты сөзі, еңбексүйгіштігі бәрімізге өнеге және жарқын бейнесі мәңгі есімізде сақталады, — деді.
«Сүйер ұлың болса, сен сүй,
Сүйсінерге жарар ол» — деп
ұлы Абай айтпақшы, халқымыздың мақтан тұтар ұлдары туралы толғаныстағы ой, көзбен көрген сәттегі көнілді әңгіме, бүгін де
ертең де үзілуі тиіс емес. Оған басты себеп – адал жүрекпен атқарған еңбектері, айтқан әңгімелері, ұрпағына берген тәлім тәрбиесі. Осы орайда аудандық мәслихат хатшысы Қадыржан Сүйеуғалиев дарынды домбырашымен жұмыстас болғандарын еске алса,
Әлеумет ағаның шәкірті Жанболат Сисенғалиұлы ұстазымен болған ұмытылмас сәттерін, берген білімін ұмытпайтындығын айтты. Жұмыстас болған Бейбіт Сағынғалиев, Абай Сәлекеев Ә. Мәмбетовтің кейінгі ұрпаққа үлгі болардай жарқын істерін баяндады.
Кеш барысында дәстүрлі әнші Нұршат Исламғалиев дүлдүл әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің әндерінен шашу шашты.
Әлеумет Мәмбетовтің ұлы Екпін Мәмбетов сөз алып, туған жерде ұйымдастырылған тағылымды шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, алдағы уақытта кең көлемде тойланатындығына сенім білдірді.
Тағылымды шара соңы Әлеумет Мәмбетов қызмет еткен Қаратөбе балалар саз мектебінде домбырашылар байқауымен аяқталды.

Маралбек АМАНТАЕВ,
«Қаратөбе өңірі»