12.03.2019, 10:22
Қараулар: 72
Әлеуметтік көмек тағайындау тәртібі

Әлеуметтік көмек тағайындау тәртібі

 

Жұмыспен қамтудың белсенді саясатын жүргізу, азаматтардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу және тұрғын­дардың әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету – аудандық жұмыспен қамту органдарының негізгі әлеуметтік басым­дықтарының бірі.

Атаулы әлеуметтік көмек дегеніміз не? Атаулы әлеуметтік көмек – жан басына шаққандағы орташа айлық табысы кедейлік шегінен төмен жеке адамдарға (отбасыларға) мемлекеттен ақшалай нысанда берілетін төлем. Қолданыстағы ережеге сай атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы кедейшілік шегінен төмен азаматтарға тағайындалады.

2019 жылы кедейлік шегі – 14849 теңгені құрайды немесе күнкөріс деңгейінің 50%-ы. Ең төмен күнкөріс деңгейі – 29698 теңге. Атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері жан басына шаққандағы орташа табысы мен аймақтарда белгіленген кедейлік шегінің айырмасы арқылы белгіленеді.

Отбасының немесе жеке адамның әлеуметтік жағдайына байланысты атаулы әлеуметтік көмек шартты және шартсыз болып екі түрге бөлінеді.

Шартсыз ақшалай көмек құрамында еңбекке жарамсыз мүшелері бар отбасыларға немесе еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту шараларына белгілі бір себептермен қатыса алмайтын аз қамтылған отбасыларға беріледі.

Мұндай аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек қандай да бір шартсыз тоқсан сайын тағайындалып, ай сайын төленеді.

Шартты атаулы әлеуметтік көмек құрамында еңбекке қабілетті мүшелері бар аз қамтылған отбасыларға немесе еңбекке жарамды аз қамтылған азаматтарға ұсынылады, бұл орайда қойылатын шарт – жұмыспен қамтудың белсенді шараларына олардың міндетті түрде қатысуы (әлеуметтік келісімшарт 6 айға жасалады, қосымша тағы 6 айға созу мүмкіншілігімен).

Әлеуметтік келісімшарт бойынша міндеттерді орындамауы бірінші рет анықталған жағдайда шартты ақшалай көмек мөлшері еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің барлығына бір ай бойына 50% қысқартылады. Міндеттемелердің орындалмағаны қайтадан анықталған жағдайда, еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің барлығына шартты ақшалай көмек төлеу тоқтатылады. Алайда бала күтіміндегі аналар мен кәмелеттік жасқа толмаған балаларға төленетін АӘК толығымен сақталады.

АӘК алу үшін қайда бару керек? Атаулы әлеуметтік көмекке өтініш беруші тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталығына немесе ауылдық округ әкімдеріне жолығады.

«Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Халықтың аз қамтылған осал топтарының табыстарын арттыру мен әлауқатын жақсарту – партияның басты міндеті», – деп атап өткен болатын. Сондықтан бірінші кезекте табысы төмен көпбалалы отбасыларға айрықша көңіл бөлінеді. Елбасы тапсырмасына орай атаулы әлеуметтік көмек төлеудің жаңа тәртібі былайша өзгеретін болады:

Біріншіден, аз қамтылған, әсіресе көпбалалы отбасыларды қамту аясын кеңейту мақсатында атаулы әлеуметтік көмек көрсету өлшемдері ең төменгі күнкөріс (29698 теңге) деңгейінің 50%-нан 70%-ға дейін көтерілді, яғни 14849 теңгеден 20789 теңгеге дейін.

Екіншіден, аз қамтылған отбасылардың балаларына (18 жасқа дейін, оқыған жағдайда 23 жасқа дейін) ай сайын 20789 теңге кепілдендірілген көмек беріледі. Ал ата-анасына кедейлік шегімен (20789 теңге) отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы орташа табысының айырмасы төленеді.

Үшіншіден, атаулы әлеуметтік көмек тағайындаған кезде отбасының жиынтық табысынан көпбалалы отбасыларға және «Күміс алқа», «Алтын алқа» төсбелгілерімен марапатталған аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар, сондай-ақ балалардың мүгедектігіне берілетін көмекқаржы және стипендиялар есепке алынбайды.

Төртіншіден, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау рәсімі жеңілдетіліп, сұратылатын құжаттар «е-Халық» ақпараттандырылған жүйесі арқылы жүзеге асырылатын болады. Жергілікті жердегі жұмыспен қамту орталықтары, әкімшіліктер тиісті мемлекеттік органдарға сұрау жасау арқылы керек мәліметтерді алады.

Әлеуметтік көмек аса мұқтаж адамдарға берілуі және оның атаулылығын күшейту қажет. Атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің негізгі принципі – әлеуметтік келісімшарттың орындалуы және отбасының еңбекке жарамды мүшелерінің жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуы болып табылады.

Халықтың аз қамтылған осал топтарының табыстарын арттыру мен әл-ауқатын жақсарту біздің негізгі басымдықтарымыз болғандықтан, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табатын болады.

 

Назира ЖҰМАҒАЛЕЕВА,

аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры