24.04.2018, 16:45
Қараулар: 42
Әр көшеде – жас көшет

Әр көшеде – жас көшет

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы және «Туған жер» арнайы жобасы аясында Қаратөбе ауданынның 90 жыл толуына орай, Қаратөбе ауданы әкімдігі және аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен «Менің туған жерге қосқан үлесім» атты байқауы басталды.  

 

Бүгін аталмыш байқау аясында аудан орталығында орналасқан Мұхит атындағы ЖОББМ мен Қаратөбе мектеп-гимназиясында акция оздырылды.

Акцияның ашылу салтанатына қатысып сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан елордасы Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы аясында ауданның құрылғанына 90 жыл толуына байланысты өңірде атқарылатын жұмыстарға, акцияның мақсат-міндеттеріне тоқталды.

– Туған жердің гүлденуі, абаттануы Сіздерге де байланысты. Өйткені болашақ – жас ұрпақтың қолында. «Бір тал кессең, он тал ек» дейді халық даналығы. Туған жердің гүлденуіне Сіздердің тараптарыңыздан қосар үлестің бірі – бүгінгі акция. Отырғызған көшеттеріңіз жайқалып өссін! Ауданымыз, ауылымыз гүлдене берсін! — деді аудан басшысының орынбасары Жасұлан Кәрелұлы өз сөзінде.

Акцияға қатысқан аудандық білім беру бөлімінің басшысы Берікжан Ғарапшиев, Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Ғалымгерей Қайырғалиев, аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімнің басшысы Айдос Әмірғали, «Жайық Пресс» ЖШС Қаратөбе филиалының директоры Ертай Бимұханов мектеп оқушыларына жас көшеттерді табыстады.

Оқушылар атынан сөз алған жас ақын Назерке Ыбыраева ел сенімін ақтауға, туған жердің көркеюіне үлес қосуға перзенттік үн тастады.

Байқаудың мақсаты: ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бағдарламалық мақаласы аясында оқушыларды табиғатты сүюге, экологиялық салауаттылықты қалыптастыру, өз ауласын көгалдандыруға тәрбиелеу, патриоттық тәрбие беру болып табылады.

Байқауға қатысушы Мұхит атындағы ЖОББМ мен Қаратөбе мектеп-гимназиясының 2-8 сынып оқушылары жетекшілерімен бірлесе аудандық білім беру бөлімі арқылы жас көшеттерге сұраныс берді.

«Менің туған жерге қосқан үлесім» атты байқауының мерзімі биылғы жылдың 16 сәуір мен 16 мамыр аралығын қамтиды.

«Менің туған жерге қосқан үлесім» атты байқауының талаптары бойынша әр оқушы өз ауласына соның ішінде көше бетіне 3 көшеттен отырғызады.

Көшетті еккен орынды дұрыс таңдауы, көшетті егу ережесінің дұрыс сақталуы, көшеттің 3 тілде (қазақша, орысша, латынша) жазылған қалақшасының болуы міндетті.

Айта кетерлігі, оқушының көшетті егіп жатқан кездегі түсірген видеожазбасы (онда оқушының көшетті жаз бойы баптаған іс-әрекеті, көшеттің өскендігінің дәлелдемесі, қорытынды жобасы болуы қажет).

2018 жылдың қыркүйек айының 10-ы мен 30-ы аралығында қабылданады. Нәтижесінде жеңімпаздар марапатталып, аудан әкімдігінің дипломдары, алғыс хаттары табысталмақ.

 

Ертай БИМҰХАНОВ,

Қаратөбе ауданы