13.02.2019, 16:45
Қараулар: 61
Әскери антымызға адал болдық

Әскери антымызға адал болдық

Ауғанстан десе барлығымыздың ойымызға Ауған соғысы орала кететіні анық. Тарих таразысына салсақ күні кеше ғана аяқталған соғыс секілді көрінгенімен Кеңес әскерінің ауған жерінен шығарылғанына биыл – 30 жыл. Саяси текетірестен тұтанып, бақандай он жылға жуық уақытқа созылған соғыстың зардабы екі жаққа да оңай болмады. Бейбітшілік орнатпақ ниетпен 1979 жылы 25 желтоқсанында кеңес әскері ауған жеріне аяқ басты. Сол соғысқа кеңес жауынгерлері қатарында 22 мыңнан астам қазақстандық қатысты. Ерлік пен қайсарлықтың үлгісін көрсеткен интернационалист жауынгерлердің қатарында жерлесіміз Ерболат Иманғалиев та болды. 

Ұстаздар жанұясында дүниеге келген төрт баланың кенжесі Ерболат Сағынбайұлы 1973-1983 жылдары Егіндікөл мектебін тәмамдап орта білім алған.

Ерболат ағамыз 1984 жылы 29 сәуірде Кеңес әскері қатарына шақырылған. Батыс Қазақстаннан әскерге бірге аттанған 25 жігіт әуелі Түркменияның астанасы Ашхабад қаласында 5 айдан астам уақыт әскери оқу-жаттығудан өткен. Одан соң мотоатқыштар полкына қабылданып 20 қазан күні әскери ұшақпен Ауғанстанның астанасы Кабулға екі күн аялдапты. Сол кезде 18 жаста болған бозбала сарбаздар ауған соғысына баратындықтарын басынан білген.

– Бізді Кабулдан әскери ұшақпен Баграмда орналасқан орталық дивизияға апарған соң, әскери полктарға тағы бөлді. Мені қаруластарыммен бірге Руха қышлағындағы Панджшер шатқалында орналасқан №86997 әскери бөліміне апарды. Бізді ол жерге тікұшақпен жеткізгенде ол жерде жергілікті дұшмандармен жан алысып, жан беріске ұрыс жүріп жатыр екен. Тікұшақ қона алмай 5-6 метр биіктіктен жау оғынан қорғану үшін істен шыққан техникалар бар жерге бізді секіртіп түсірді. Ұрыс басылған соң штапқа апарды да, үш батальонға бөлді. Өзім сол полктегі 1-ші батальон, 1-ші ротаға бөліндім. Оралдан бірге барған Серік Халелов, Ғайнеден Кәрімов, Болат Жаншиндер бір жерде болдық. Біздерге басында 3-4 күнге дейін қару-жарақ берілген жоқ, қосымша қарауылға қойды. Ал қаруды берген күні асынғаннан қашан кеткенше өзімізбен бірге ұйықтасақ та, тұрсақ та қасымызда ұстадық, — дейді әңгіме барысыда ауған соғысының ардагері Ерболат Сағынбайұлы.

Жалпы 40-армия бойынша әскери операцияларды айтпағанда әр полкта дұшмандармен соқтығыстар жиі болып тұрған. Ол туралы ресми мәліметтерде де, интернетте де көп айтыла бермейді екен. Ерболат ағамыз бастарынан өткерген сондай сәттердің бірін айтып берді.

– 1985 жылдың қаңтары. 23-ші пост аумағында «дұшмандар байқалды» деген белгі түсті. Содан 9 күн бойы жүрдік. Ол операцияға майдандас ауылдасым Болат Жаншин де қатысты. Ол жердегі таудың биіктігіне шыққанда ондағы 40 градус суыққа шыдай алмаған өзбек ұлты өкілдерінің үсік шалып өлгендерін көзімізбен көрдік. Тау етегінде ауа райы жылы болатын. Бұл арнайы әскери операция болмағандықтан, полктың жақындаған дұшмандарды құрту жоспары жүзеге аспай еш нәтижесіз аяқталды. Әскери бөлімге келгесін полкты тік тұрғызды. Оның себебі сол жорықтан кейін қайтарда батальон командирінің рациясын таситын екі жауынгердің бірі украиндық кахол жігіт ұйқтап кетіп, топтан қалып қойған. Оны ешкім байқамапты. Содан екі күн өткен соң сол қалып қойған біздің ротаның сарбазы бөлімге келді. Келген соң сұрағанымызда сол біз өткен жерден 5-6 дұшман өтіп бара жатқанын көріп, өзі жалғыз болғасын әлі келмейтінін біліп жата берген. Олар кеткесін бір түн асырып, орнынан тұрып бағытпен қайта оралыпты. Бірақ, соңынан оны біраз тергеді.

 

Кеңес әскері үшін ең ауыры 1984-1985 жылдар болды. Сол жылы Ауғанстанда 40-армияның үлкен әскери операцияларына біздің полк та қатысты. Осы майдан даласындағы ұрыстарда шығын да көп болды. Оны айтып жеткізудің өзі қиын,- деп бір ауыр күрсініп алды да әңгімесін әрі жалғады.

– «Мен 1986 жылдың мамыр айында елге оралуым керек еді. Бірақ, құжатымда қате болуына байланысты тамыз айында босайтын болдым. Сегізінші тамыз күні Баграмнан Кабулға, Кабулдан Ташкентке ұшып келдім. Одан пойызбен Ақтөбеге келіп, елге  табаным тиді. Үйге деген сағынышпен ұйқтамастан автобуспен Қобдаға, одан бер жолшыбай көлікпен Шығырлаудың Сегізсай ауылының бұрылысына жетіп қалдым. Сегізсайдан шыққан «ЮМЗ» тракторын тізгіндеген жігіт жауынгер екенімді киінген формамнан көріп үйге дейін әкеліп тастады. Содан ауылым Егіндікөлге 12 тамызда таңғы сағат 8.30 «ЮМЗ-бен» жеткенім бар, — деп сәл жымиып алды.

Ол келгенде ата-анасы балаша қуанып, бірге жұмыс жасайтын мектеп ұжымы, ағайын-тумасы баршасы үйге жинап қуанышқа көзайым болған.

Ерболат Иманғалиев майдандас жолдастарымен үнемі байланысып хабарласып тұрады. Ауған соғысында №86997 әскери бөлімде бірге болған жігіттердің ұйымдастыруымен 2014 жылы 29 сәуірде Алматы қаласында жүздессе, 2017 жылы 29 сәуірде Шымкент қаласында жиналыпты. Тағылымды шараларда бас қосатын майдандастар әр үш жыл сайын кездесіп-жүздесуге уағдаласқан екен.

Ерболат ағамыз әскерден келген жылы оқуға түсуге құжат жинап үлгермегендіктен, келесі 1987 жылы Оралдағы ауылшаруашылығы институтына түсіп, экономика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолында түрлі салада қызмет атқарған жігіт ағасы бүгінгі таңда Қаратөбе аудандық мемлекеттік кірістер басқармасында қызмет жасайды.

Жұбайы Балжанмен 1989 жылы жанұя құрды. Екеуі үш қыз, бір ұл тәрбиелеп, қыз ұзатып, келін түсіріп отырған жарасымды жанұя.

Ұлының есімін қарулас досының құрметіне Жақсыбек деп қойған ағамыз «Ұрпағымыз өткенді есте сақтап, үлкенді құрметтей білетін, Отансүйгіш, намысшыл болсып өссе екен. Жер бетінде соғыс болмасын, аналарымыз бен балаларымыз жыламасын» дейді.

Серікбай ХАСАНОВ