2.07.2015, 7:20
Қараулар: 200
Өнегесі мол азамат

Өнегесі мол азамат

Алмабек агай22


Алмабек Бердіғалиев — сегіз қырлы, бір сырлы жан. Өзі спортшы әрі әскери  дайындық пәнінің мұғалімі болғандықтан, балаларын да осы бағытта тәрбиеледі.


«Әке көрген оқ жонар» демекші, соғыс және еңбек ардагері Хафиз Бердіғалиевтай әкесі бар Алмабектің бойына тәртіп, жауапкершілік, салауаттылық сынды қасиеттер ерте қалыптасты. Мектеп қабырғасында жүріп күрес, волейбол, шахмат, үстел теннисі секілді спорт түрлерін жанына серік етті. Мұның бәрі артынан А. Пушкин атындағы пединститутқа көп қиналмастан түсуіне өз септігін тигізді. Студент болып жүріп, аталмыш спорт түрлері бойынша институттың, облыстың намысын қорғап, студенттер мен оқытушылар арасында үлкен беделге ие болды.

Диплом алғаннан кейін туған жері Жәнібекке келіп, аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде қызмет атқарды. Осы кезде ауыл жастары облыстық, республикалық сайыстардан жүлдемен оралып жүрді. Сол жылдары, яғни 80-жылдардың орта және аяқ кездерінде бұл спорт мектебі облысымыздағы ең үздік БЖСМ деген атақты иеленді.

Әр нәрсені бірінші кезекте өзінен бастауды жөн көретін Алмабек Хафизұлы әуелі өз балаларына қатаң талап қойды. Соның нәтижесінде көзінің ағы мен қарасындай болған қос ұлы Мәлік пен Жеңісбек оқуда да, спортта да алда болды. Мәселен, тұң-ғышы Мәлік шахматтан бірнеше мәрте облыс чемпионы атанып, республикалық, халықаралық додаларда облысымыздың, еліміздің намысын абыроймен қорғады. Бүгінде ер жетіп, үйлі-баранды болған ұлдары құқық қорғау органдарында жемісті еңбек етіп жүр.

Жәнібектегі әріптестері Алмабек Бердіғалиевты отбасылық спорттық жарыстарды ұйымдастырудың да шеберіне балайды. Ол «Әкем, шешем және мен» сынды жанұялық жарыстардың ауылдық жерлерде де жиі өтуіне мұрындық бола білді. Мұндай сайыстарды өткізіп қана қоймай, өзі де зайыбымен, балаларымен бірге қатысатын. Көбіне жеңімпаз атанып, отбасымен бірге облыстық сайыстарда бақ сынап, үздік танылып жүрді.

Спорт пен әскери іс – егіз сала. Кейіпкеріміз қазір қаламыздағы №19 орта мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ беріп жүр.  Жиырма жылға жуық уақыттан бері оның тәлімін алып келе жатқан оралдық шәкірттері де көштен қалып көрген жоқ. Әскери дайындық бағытында  өтетін түрлі сайыстарда жыл сайын топ жарып жүр. «Алмабек Хафизұлының өз пәніне деген сүйіспеншілігі зор, — дейді облыстық білім басқармасының әдіскері Алтынбек Қуанов.

— Сол себепті ол көп ізденеді. Сабақтары әр түрлі форматта әрі қызықты өтеді. Балалар оқып қана қоймай, дене шынықтырып, қару-жарақ түрлерімен танысып, есеп шығарып, еңбек еткесін олардың осы пәнге деген қызығушылығы артатыны белгілі. Соның арқасында оқушылардың бойындағы адамгершілік, патриоттық, жауапкершілік қасиеттері, жауынгерлік қабілеттері дамиды. Әріптесіміздің сабақтарына, сыныптан тыс іс-шараларына ата-аналар да белсенді қатысады. Оқушыларының да, олардың ата-аналарының да сенімді серігіне айналған Алмабек Бердіғалиевті біз мақтан тұтамыз».

Алмабек ағамызға мектеп ұжымы да риза. Мұғалімдер мен білім қызметкерлері арасында өтетін түрлі сайыста білім ұясының намысын қолдан беріп көрген емес. Әлі күнге дейін оралдық мұғалімдердің арасында шахмат ойынында онымен теңесетін ешкім жоқ. Жыл сайын Орал қалалық білім бөлімі тарапынан педагогикалық шеберлігі мен өскелең ұрпақты оқытып-тәрбиелеудегі табыстары үшін алғысхатпен, Құрмет грамоталарымен марапатталып келеді.

Хафиздің Алмабегі өнерге де жақын. Достары әзілдеп оны «Қазақтың Лев Лещенкосы» дейді. Себебі оның да дауысы жұмсақ, төмен деңгейлі баритон әрі ол да әскери, соғыс тақырыбындағы әндерді айтқанды ұнатады. Міне, үш жылдан бері «Ағалар әуені» ансамблі құрамында ән айтып келеді. Ансамбль Жеңістің 70 жылдығына орай ұйымдастырылған «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер» атты байқаудың облыстық кезеңінде жеңімпаз атанды. Ал 22 сәуірде Астанада өткен республикалық фестивальда  ІІ орын алды.

Алмабек ағамыздың мұндай жетістікке жетуіне зайыбы Мира Есенқызының еңбегі зор. «Еркек – түздің адамы» екенін жете түсінген ол отағасының спортпен, әскери іспен толыққанды айналысуына барлық жағдайды жасап келеді. Жүрегінде отағасы-на деген ескірмейтін махаббатының бар екеніне оған арнап шығарып жүрген өлең жолдары дәлел болғандай. «Менің өмірдегі үлкен қуанышым да, табысым да Алмабекпен байланысты. Онсыз өмірімді елестете алмаймын, — дейді Мира Есенқызы. — Осындай адаммен тағдырымның байланысқанына, мың да бір шүкір».

        Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал өңірі»


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар