14.05.2015, 7:14
Қараулар: 210
Өнерге құштар отбасы

Өнерге құштар отбасы

IMG-20150512-WA0011


Жетікөлдік ерлі-зайыпты Жасқайрат пен Баян Кенжебаевтар – түрлі  байқауларда өнер көрсетіп, жұртшылықтың ықылас-ілтипатына бөленіп жүрген жандар.


Жасқайрат Жолымбетұлы – Ақырап ауылының тумасы. Орал қаласындағы С. Сейфуллин атындағы №11 орта мектепті 1985 жылы бітірген соң Алматыдағы Ғарифолла Құрманғалиевтің  сыныбына құжатын тапсырғанмен, «Жасың 18-ге толмаған» деген себеппен байқаудан  өте  алмады. Өнерге құштар Жасқайрат бұған мойымастан ауылына оралып, қолына құрық  алып, қиқулата әнін сала жылқы  бақты. Жолы болайын дегені осы шығар, бірде облыс орталығына Алматыдан Мұрат Каримуллин (марқұм) келіп, «Біз таланттарды іздейміз» атты облыстық байқауды өткізгелі жатыр деген хабарды Жасқайраттың да құлағының шалғаны бар. Іле-шала өзіндік берік сеніммен аталмыш байқауға қатысты. Үміті ақталды, байқауда жүлделі 3-орын иеленіп, шырқаған әндері телестудияда бейнетаспаға жазылды.

Жігіттің өнеріне тәнті болған аудан  басшылығы Жасқайрат Кенжебаевты   мәдениет саласына қызметке ауыстырды. Ол Ақырап, Жаңаөңір, Қарағанды ауылдарындағы мәдениет үйлерінде көркемдік жетекші қызметтерін атқарды.

1987 жылы Жасқайрат Көгеріс ауылының мұғалім бойжеткені Баян Санаққызымен шаңырақ құрып, өнердегі жолына ендігісін қол ұстаса бірге шығатын болды.

Сахнаны киелі орын ретінде санайтын Кенжебаевтардың отбасындағы ұрпақтары да шеттерінен өнерге бейім.  Жасқайрат пен Баян Кенжебаевтардың шаңырағында 7 ұл мен қыз тәрбиеленіп, үлкен өмірге қанаттанса, қос өнер иесі шаңырағына 2 келін түсіріп, қызын ұзатып, біраз немере-жиеннің қызығына бөленіп отыр. Өнер дегеннен шығады, Жасқайрат пен Баянның ұлдары Темірлан бармағынан күй тамған дәулескер домбырашы болса, егіз қыздары Айман мен Шолпан – күміс көмей,  жезтаңдай  әншілер.

Өнерлерімен халықты тәнті еткен Кенжебаевтардың отбасылық ансамблі 2010 жылы Орал қаласындағы мектепаралық отбасылар байқауында және облыстық отбасылар арасында өткізілген байқауда жүлделі І орынды иеленсе, Жалпақталда өткізілген «Өнер шамшырағы» атты байқауда дипломант атанып, бағалы сыйлықпен марапатталды.

Өткен жылдың желтоқсан айында тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Өнерден таптық бақытты» атты Кенжебаевтардың мерекелік концертіне қалың қауыммен бірге аудан әкімі Абат Шыныбеков қатысып, өнер иелеріне арнайы сый-құрмет көрсетті.

Иә, өнерден өз бақыттарын тауып отырған Жасқайрат пен Баян Кенжебаевтар бүгінде Қосарал ауылында тұрады, бірі мәдениет саласында, енді бірі педагогтық салада қызметтерін атқаруда.

Өткен жылы «Қазақстан-Орал» телеарнасындағы «Жұрт мақтаса» атты арнайы хабар Кенжебаевтардың отбасылық  ансамблі  жөнінде  тұшымды  берілді.

Ел-жұрты, ауыл-аймағы  қоштап, қолдау көрсетіп отырған Кенжебаевтардың отбасылық ансамблі жуырда облыс орталығында өткізілгелі отырған «Мерейлі отбасы» байқауына  қатысқалы  отыр.

– Жаңақала ауданында тұратын нағашы апам Уасиха Ғарифолла Құрманғалиевтен дәріс алған  дәстүрлі әнші болса, анам Насиха да, әкем де өнерлі жандар еді. Сондықтан өнер жолына түсуіме осы тұлғалардың, өнер жолындағы аға-апаларға еліктеуім де басты себепкер болғандығы рас. Ең бастысы, өнердегі жолымды өмірлік жолым, жан серігім ретінде бағалай білемін, – дейді Жасқайрат Жолымбетұлы әңгіме арасында.

 Мүсірбек АЙТАШЕВ,

Сырым ауданы


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар