11.04.2019, 12:52
Қараулар: 359
Өнерлі өрендер үздік атанды

Өнерлі өрендер үздік атанды

 10 сәуір күні Орал қаласында өткен «Жайық жұлдыздары» І облыстық музыкалық өнер байқауына Қаратөбе балалар саз мектебінің шәкірттері қатысып, үздіктер қатарынан көрінді.

Өнер байқауы талантты және аспапта орындау қабілеті бар қатысушыны анықтау, жастардың шығармашылығын дамытып, оларды музыкалық орындау өнеріне қызықтыру мақсатын  көздеді.

Аталмыш байқауда жеке орындау, үрмелі аспаптарда ойнау, ансамбльдер  аталымдар бойынша өнер көрсетті.

Өнерлі өңірден барған өнерпаздар шебер орындаушылықтарымен көзге түсіп, қазылар алқасының шешімімен үздіктер қатарына енді.

Байқау шарты бойынша қазақстандық композиторларының шығармасы екінші еркін тақырыпта өнерлерін көрсетті.

«Жайық жұлдыздары» І облыстық музыкалық өнер байқауының қорытындысында аспапта ойнау аталымы бойынша кіші топ арасында баянда шебер ойнаған Мирас Жасұлан (жетекшісі Сержан Өтениязов) І орын, кіші топ арасында домра-примада ерекше өнер көрсеткен Әлинұр Талаптан І орын, үлкен топ арасында Бұлбұл Ғабдиева (жетекшісі Сымбат Қайырлиева) ІІ орынды иеленді.

Аудандық балалар саз мектебінің директоры Аягүл Бисенғалиева жетекшілік жасап апарған шәкірттер үмітті ақтады.

 

Тоты ЕСҚАЙЫРОВА