4.05.2017, 10:09
Қараулар: 48
«Әжемнің көргенде аппақ кимешегін, Ерек бір еркебұлан күй кешемін…»

«Әжемнің көргенде аппақ кимешегін, Ерек бір еркебұлан күй кешемін…»

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің қаншалықты өтеммен келгенін таразылай келе «Бұл күн – сол бір қанды қырғыннан қайтпай қалған қыршын боздақтардың асқақ рухтарының аспандайтын күні. Бұл күн – әділеттің әділетсіздікті жеңген күні. Бұл күн – бүгінгі ұрпақтың сіздер сыйлаған бейбіт даму жолын одан әрі жалғастырып жатқан күн. Араға жылдар салып, бомбалардың жарылысы, танкілердің гүрілі, ұшақтардың жер бетін тітіреткен гуілі, ауаны тілгілеген оқтардың ысқырығы тарих қойнауына тереңдеп батып барады. Ұлы Отан соғысы… Ол – біздің ақ шашты аталарымыз бен әкелеріміздің ерлік пен қаһармандыққа толы биік рухын күллі әлемге танытқан сындарлық символы. 1941-1945 жылдардағы алапат от кешу туралы зерде – қасиетті ел-жұртымыздың жалпы тарихының бір бөлігі, өйткені аға ұрпақтың сол сұрапыл сындағы төзімділігі мен табандылығы, қайраты мен қайсарлығы, ерлігі мен қаһармандығы болмаса, бүгінгі жарқын болашаққа батыл қадам жасаған тәуелсіз Қазақстан да болмас еді» — деген болатын.

«Әжемнің көргенде аппақ кимешегін,  Ерек бір еркебұлан күй кешемін...»

 

«Кеше бала ек, келдік қой талай жасқа, кез келді бір қалыпты тұра алмасқа» деп дана Абай айтпақшы, жасы тоқсан алтыға келген Егіндікөл ауылының қадірменді қариясы Кербез Сүлейменова әжеміз осынау ғұмырында сан түрлі қуаныш пен қиындықты көрсе де басына түскен ауыртпашылықтарға мойымай, барға қанағат, жоққа салауат деп баянды ғұмыр кешіп отырған жан. 1921 жылы Батпақкөлде ауылында дүниеге келген әжеміз тұрмыс тауқыметін ерте тартып, жетінші сыныпты бітірісімен еңбекке араласып кеткен екен.
Өмір белесін еске алған Кербез әжеміз «Балалық шағым ашаршылық жылдарға, жасөспірім кезім Ұлы Отан соғысының ауыр кезеңіне тұспа-тұс келді. Тағдырымыз тарихтың таразысына түсіп, небір қиындықты бастан өткердік» — деп бастады әңгімесін.
— «Біздерде балдәурен балалық шақ деген болған жоқ, тылда тынбай еңбек етіп, Жеңісті жақындатуға сеп болдық. Колхозда
аянбай еңбек еттік. Ауылдағы бас көтерер ер адамдардың барлығы майданға кетті. Әйелдер мен балалар, еңкейген қариялар таң
құлан иектеніп атқаннан қас қарайғанша тынымсыз жұмыс жасайтынбыз. Түнде май шамның жарығымен майдандағы жауынгерлерге жүн түтіп, қолғап, шұлық тоқушы едік. Тойып ішетін ас жоқ, ашқұрсақ болып жүрсек те, майдандағы қан кешіп
жүрген азаматтарды ойлағанда бәрін ұмытып, жауды жеңетін уақытты аңсап, аянбай еңбек ететін едік. Ұйқысыз, күлкісіз ауыр күндерді бастан кешірдік қой. Қазір сол кездегі біздердің көрген қиындықты кейінгі жастар көрмесе екен деп тілеймін.
Еліміз тыныш, деніміз сау болса, одан артық бақыт жоқ» — деген кейуананың лебізінен шүкіршілік лебі есіп тұрды.
1942 жылы Егіндікөл ауылының жігіті Тілеуғали Төлеуішовпен отау құрып, екі бала дүниеге келді. Қазір ұлы Сәкен мен келіні Дариғаның қолында тұрады. Олардан тараған төрт немере мен он бір шөберенің қызығын көріп отырған жайы бар.
Қария әңгіме барысында келіні Дариғаны мақтап, оған алғаусыз алғысын жаудырып, батасын беріп отырды.
— Әжеміздің денсаулығы жақсы. Тысқа өз күшімен кіріп шығады, тамақты да өзі іше алады. Жасы келген соң кейде сырқаттанып
қалады, алайда әлі де тың. Тамақты талғап ішеді. «Адам үлкейгенде бір бала» деген, кейде қуанып отырса, кейде көңілі пәс
тартып қалады. Үйге немере, шөберелері мен қонақ келсе көңілі көтеріліп қалады, — дейді келіні Дариға.
«Әлі есімде далам да, тұрағым да, Тек есте жоқ, күлдім бе, жыладым ба. Балалық шақ жарбиып жүре-тұғын, Өгіз жеккен соқаның құлағында» — деп Мұқағали ақын айтпақшы, бейбіт күннің жарқырай атуына өзіндік үлесін қосып, соғыс жылдарында ауылдастарымен тізе қосып еңбек еткен Кербез әже өткеніне тәубе, бүгініне шүкіршілік етіп, төрт немересі мен он бір шөбересінің
бақыты ұзағынан болғай деп тілейді.

Тоты ЕСҚАЙЫРОВА,
«Қаратөбе өңірі»