11.03.2019, 9:16
Қараулар: 40
Қыздар арасындағы «Liga Jastar»

Қыздар арасындағы «Liga Jastar»

18 ақпан мен 5 наурыз аралығында Қаратөбе аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық және «Мұxит жастары» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен қыздар арасында волейбол лигасы өтті.

Үш аптаға созылған әуедоп жарысына алты команда қатысып, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Волейболшыларға Мұхит атындағы орта мектептің дене тәрбиесі пәні мұғалімі Нұрбек Сайынов төрешілік етті.

Командалар айналмалы түрде бір-бірімен кездесіп, іріктеу кезеңінен сәтті өткен 4 топ ақтық сынға жолдама алды. Ойын нәтижесінде волейбол лигасының жеңімпазы болып Шөптікөл орта мектебінің құрамасы танылды. Мұхит атындағы орта мектеп командасы ІІ орынды иеленсе, Қаратөбе командасының бұрымдылары үздік үштікті қорытындылады.

Жүлдегер командалар медальдар және дипломдармен марапатталып, оларға арнайы сыйлықтар табысталды. Жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттауға арналған шаралар алдағы уақытта да өткізілетіндігін айтады ұйымдастырушылар.

 

Ажаргүл ӘЛИҚЫЗЫ

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.