11.03.2019, 9:58
Қараулар: 49
Қаракөк өзгелерден оза шапты

Қаракөк өзгелерден оза шапты

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көрсетілген ат спортын кеңінен насихаттау мақсатында Аққозы ауылдық округінде жергілікті жастар жетекшісі, спорт әдіскері мен мектеп ұжымы бірлесіп «Тұлпар мініп, ту алған» атты шара ұйымдастырды.

Айтулы шара ауыл азаматы Тұрсынбек Асқарұлының ауыл жастары мен мектеп оқушыларына ат ерттеудің қыр-сырын үйретуі және ат әбзелдерімен таныстыруынан басталып, тартысты аламанға ұласты.

Бәйге десе делебесі қозатын қазақ арасында ат спорты соңғы кездері кеңінен қанат жайып келеді. Бүгінде ауданымызда ұлттық ойын түрлерінен көптеген сайыстар өткізілуде.

«Атқа мінсе айдарынан жел ескен» демекші, ауа райының қолайсыздығына қарамастан тай жарысын тамашалауға келген халықтың қарасы көп болды. Бес тай қосыла шапқан бәйгеде бірінші болып Ринат Ғалымбергенұлының Қаракөгі келді. Бекжан Тұрсынбекұлының Жирентөбелі мен Ақылбек Асылбекұлының Кішкентайы ІІ және ІІІ болып мәре сызығын аттады. Жүлделі орындарға ие болған шабандоздар ақшалай сыйлықтар және арнайы дипломдармен марапатталды.

Ата-бабамыздың қанымен дарып, ұлттық құндылықпен бойға сіңген дәстүріміздің тағы бір мәрте дәріптелгеніне ауыл халқы дән риза. Округтегі аталмыш шараның өтуіне ауыл жастары Дәулет Серікбаев және Саламат Қоңқабаев демеушілік жасады.

 

Ерболат РАЙСОВ

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.