13.03.2019, 10:19
Қараулар: 54
«Қаламгер қауым – қоғамның қозғаушы күші болуға тиіс»

«Қаламгер қауым – қоғамның қозғаушы күші болуға тиіс»

Өткен аптада танымал публицист, Қазақстанның Құрметті журналисі, халықаралық ПЕН-клубтың вице-президенті, республикалық «Аiqуn» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп «Жайық Пресс» медиахолдингінде аудандық газеттер редакторлары мен облыстық «Орал өңірі» басылымы журналистерімен жүздесіп, шеберлік сағатын өткізіп, білген-түйгенімен бөлісті.

Танымал тұлғамен кездесуді ашып, сөз сөйлеген «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Рауан Сәбитов өз мамандығының майталманынан жергілікті журналистер мен мерзімді басылым басшыларының үйренері, түйер ойларының көп боларына сенім білдіріп, шеберлік сағатына сәттілік тіледі.

Осы уақытқа дейін республикалық басылымдардың тізгінін ұстаған білікті журналист Нұртөре Жүсіп қазіргі таңда ұлттық мүдде мен қазақ қоғамының мәселесін көтеріп жүрген республикалық «Аiqуn» басылымына жетекшілік етеді.

Шеберлік сағатының басында Жайық журналистерімен кездескеніне қуанышты екенін жеткізген қарымды қаламгер басқосуды еркін түрде пікіралмасу ретінде өткізуге ұсынысын білдірді.

– Журналистер руға бөлінбейді, оларда ортақ рух бар. Шығармашылық адамының әрқайсысының өзі бір әлем. Қаламгер қауым – қоғамның қозғаушы күші болуға тиіс. Газет жұмысы оңай емес. Аудандық газеттер тақырыптары мен тапсырмаларының аясы бірдей келеді.

– Елімізде мемлекеттік тілді басылымдарға бірінші кезекте көңіл бөлінуі керек. Орыс тілді басылымдарға жарнама көп беріледі. Ресми тілді газеттерге жарнамалардың әлі күнге көп берілуі сәйкесінше олардың жағдайының жақсы болуына ыпа етуде, – деген Н.Жүсіп қолына қалам ұстаған қазақ журналистерінің нарықтық жүйеге ілесе алмауы туралы әңгіме өрбітті.

– Нарықтық жүйе біздегі журналистика саласында кенжелеп қалған. Бізде ондай жағдай әлі орнықпады. Тіпті журналистің еңбегі бағаланбайды. Нарықтық өлшемді енгізу қажет деп ойлаймын. Журналистердің еңбегі халықпен өмір сүреді. Әрбір жақсы тіркес, орамды ой, көтерілген мәселе ел жадында қалады. Еліміздегі тілші қауымының қолынан келетіні және міндетті нәрсесі – қазақтың мәселесін көтеру. Олардың қордаланған түйткілдерін, жанайқайын жоғарғы жаққа жеткізу, – деді публицист. Ойын әрі қарай жалғаған ол:

– Жуналист болуды мақсат еткен жастардың барлық саладан хабардар болғаны жақсы. Біздің басқа мамандықтардан басты артықшылығымыз – бірінші болып сұрақ қоя алатындығымыз. Кез келген адамға, лауазымды тұлғаға сауал тастауға рұқсат берілген.

Тілшілерде бірінші кезекте мемлекетшілдік сана тұруы қажет. Ортақ отанымыздың мүддесіне жұмыстану – басты ұстаным. Біз студент кезімізде ел, жер деген мәселе төңірегінде әңгіме бола қалса, елең ете қалатынбыз. Арманға, қиялға, идеалға сендік. Ал қазіргі жастар – прагматик. Оларды құрғақ сөзбен алдай алмайсыз. Көпшілік жастар жұмысқа тұрарда алдымен жалақы мөлшерін сұрайды. Оған оларды кінәлай да алмаймыз. Өйткені тіршік соған тәуелді қазір.

Көрнекті қоғам қайраткері Мұхтар Мағауин «Қазақ жазушыларынан гөрі журналист қауым оқ бойы озып кетті» деген екен. Демек, бұл бізге берілген жақсы баға. Мерзімді баспасөзде орынды көтерілген мәселе, жақсы сөз, ой халық жадында қалады. Халықтың сөзін сөйлеу журналистің жұмысы болып қала бермек, – деп сөзін сабақтады.

Жүздесуде қазақ журналистерінің арасында аймақтарды аралау, ол жердің тарихын, тұлғаларын білу, табиғатын көріп, аралау кемшін қалып бара жатқандығына қынжылыс білдірген шеберлік сағатының мейманы елді, әр аймақтағы сөздік қолданысты тану, әр жердің ерекшеліктерін білудің мәні ерекше екендігін айтты.

– Технология дамыған заманда ақпарат ағыны да тез. Дейтұрғанмен, әлемнің озық мемлекеттерінде газет таралымының саны азайған жоқ. Шетелде қай жерде болмасын газетті көресіз. Өйткені газеттің тілі – желідегі жел сөзге қарағанда сенімді ақпарат көзі. Тексерілген, көркемделген, әдеби қалыпқа түскен, сөзі орнықты.

Қазіргі таңда әлеуметтік желіні қолданушылар көбейді. Оларға жазылушылар да жетерлік, кейбіреулерін өте ықпалды тұлға деп жатады. Бірақ мұндайларға қарағанда аузы дуалы, сөзі пәтуалы адамдардың бір ауыз сөзі бүкіл елге ықпал етуі мүмкін. Сонда миллиондаған «подписчигің» жайына қалады. Қазақ жақсыжаманды таразылай алады ғой. Халықты алдаймын деп ойлауға болмайды. Арзан, жылтырақ дүниелерден бойды аулақ салған жөн.

Тіршілікте қаламды серік етіп несібемізді тапқасын, адал қызмет атқаруға тырысамыз. Соңында жақсы сөз қалдыру – ол ең үлкен бақыт. Жазған дүние халықтың кәдесіне жараса, көзделген мақсатқа жетті деген сөз, – деп ойын қорытындылаған Н.Жүсіп латын қарпіне көшу туралы ойын білгісі келгендерге өзіндік пікірін білдірді.

Қарымды қаламгермен кездесуде қазақ журналистикасының кешегісі мен бүгінгісі сараланып, өзін жазуға арнап, қаламды серік еткен қауым білгісі келген сауалдарына жауап тапқандай болды.

Елге айтары бар «Аiqуn» секілді іргелі басылымның басшылығында жүрген тәжірибелі маманның ұлт мүддесі, мерзімді баспасөз жайындағы салиқалы ойларын санамызға сіңіріп, жадымызға түйіп оралдық.

 

Серікбай ХАСАНОВ

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.