20.06.2015, 6:19
Қараулар: 330
Хабар-ошарсыз кетті…

Хабар-ошарсыз кетті…

Согыстын алгашкы куни


Осыдан 74 жыл бұрын кең байтақ Кеңес Одағы үшін Ұлы Отан соғысы басталған еді. Аталған тарихи кезеңнің санада көмескіленбеуі былай тұрсын, жылма-жыл оның шежіресіне ұмтылыс білдірушілердің саны өсіп келеді. Бұл соғыстың да әлі күнге дейін «ақтаңдақтары» да аз емес…


Соның бірі – адам шығынының мөлшері. Кезінде И. Сталин құрбандардың санын сегіз миллионға жеткізген. Әрине, бұл – ақиқатқа мүлдем сай келмейтін дерек. 1955 жылы Н. Хрущев Ұлы Отан соғысында қыршын кеткендердің жалпы санын «20 миллион» деп «дөңгелектеді». Оған алып елдің халқы: «Е, дұрыс екен» деді. Бірақ сол кезде күмән келтіргендер де табылмай қалған жоқ. Жас орыс тарихшысы Александр Некрич өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Кеңес Одағының соғыс кезіндегі тікелей және жанама (аурудан, аштан, ауыр жарақаттан өлген және дүниеге келмей қалған нәрестелер т. б.) адам шығындарын есептей отырып, «Жалпы саны 42 миллиондай» деп, қорытынды шығарды. Бір сөзінде ол өзінің есептегенде, ағылшын, американ, неміс, италиян және басқа дерек көздеріне сүйенгенін айтыпты. Алайда мұнысымен сол кездегі Кеңес Одағының ұрда-жық билеушісі Н. Хрущевке ұнамай, шетелге қуылған. Көп жыл бойы Англияда өмір сүрген тарихшы коммунистік жүйені әшкерелеп, «Утопия у власти» деген деректі кітапты өмірге әкелді. Сонымен қазір ел-жұрт алып елдің соңғы билеушісі М. Горбачевтың айтуымен «Соғыстағы жалпы адам шығыны – 27 миллион» деп жүр. Бұл көрсеткіштің келешекте қалай өзгерерін кім білген!?

Ал орыстың басты қарсыласы–немістің жалпы адам шығыны 14 миллион. 10 миллионы – әскерилер, қалғаны – бейбіт тұрғындар. 1949 жылы ресми түрде қабылданған бұл дерек әлі күнге дейін өзгерген жоқ. Әрі оған немістер соғыста хабар-ошарсыз кеткендерді де қосқан екен…

…Хабар-ошарсыз кеткендер. Күні бүгінге дейін кезінде соғыстың терең иіріміне түсіп, із-түзсіз жоғалғандар Кеңес Одағының адами шығындарының санатында жоқ сыңайлы. Оған дәлеліміз – қасиетті Орда топырағынан өрбіген Бижанов Жұмахметтің тағдыры. Өйткені оны соғыстан кейін іздеген әпкесі Жұмабике мен жиені Ғаппардың сонау Ресейдегі Подольск қаласына үш рет жолдаған ресми сұрауына тек біртекті: «Ж. Бижанов өлгендер мен жараланғандардың да, тұтқынға түскендердің де тізімінде жоқ» делінген қатқыл жауап келген-ді. Сол Подольскіде Кеңес Одағының құрғақтағы қарулы күштері мен Әскери теңіз флотының ең үлкен мұрағаты орналасқан. Қазір де сонда. Ал боздақтарының тағды-рынан ең болмаса тиянақты бір деректі асыға күткен әпкесі мен жиені жаңағы бірін-бірі қайталаған жауаптардан соң, сұрау салуды мүлдем қойған.

Жұмахмет Бижанов – А. Пушкин атындағы пединституттың (бүгінгі М. Өтемісов атындағы БҚМУ) физика-математика факультетін 1936 жылы бітірген алғашқы түлектердің бірі. Келешек академик Асан Таймановпен бір курста оқып, бірге диплом алыпты. Жоғары білім алған соң, еліне оралып, Қаракөл-Шоңай деген ауылда алғашында мұғалім, кейін мектеп директоры болыпты. Жас ұстаз және салиқалы азамат көп ұзамай жас ару, қара торының көріктісі Хабиба Қойшыбаеваға үйленеді. Біріне-бірі тең және байыпты жас жұбайлардың бақытты өміріне ақырындап төніп қалған екінші дүниежүзілік соғыс тұсау салды…

…1939 жылы күзде Батыс пен Шығыста қатар тұтанған соғыс өртінен сақтанып, Кеңес өкіметі қорғаныс шараларын жүзеге асыруға кірісті. Соның бірі – әскер қатарын толықтыру. Елмен бірдей Жұмахмет те әскер қатарына алынды. Жоғары білім иесі ретінде оған бірден лейтенант шені беріліпті. Шекараның нақ түбіндегі Гродно қаласына түскен азамат арада уақыт өткен соң, әріптестерінің құрметіне бөленді. Сондықтан шығар, бір рет қысқа мерзімді демалысқа үйіне келіп те кеткен. Қалған уақытта ауылына жүйелі түрде хат жазып тұрды. 1941 жылы 14 маусымда жазған соңғы хатында былай деген екен: «Сіздерді қатты сағындым. Орда да көңілімнен де, түсімнен де бір кетпейді. Әзірге халім жақсы, алайда шекарадағы жағдай күрделі. От жағуға тамыздығымен қоса даярлап қойған құрғақ ағашқа ұқсайды. Тек шырпы тигізу ғана қалып тұр…». Мұны маған жылдар бойы бауырының жазған хаттарын жаттап алған әпкесі айтқанды. Таңғалатыным, әдетте сауысқандай сақ, әмірлі әскери цензура осы хатты қалайша ұстап қалмаған?!

Содан кейін соғыс. 1418 күн мен түнге созылған алапат бойына және одан кейінгі жылдары әпкесі де, жас келіншегі Хабиба да Жұмахметті сарғая күтті. Алайда сардар еліне оралған жоқ. Қолдарына ұстап қалғаны: алақандай кеңселік парақ қағаз: «Сардар Ж. Бижанов хабар–ошарсыз кетті»… Қара торы, сымбатты да көрікті келіншек күте-күте шаршағасын, қайын жұртының рұқсатымен, арада жылдар өткесін, тұрмысқа шықты. Өйткені жан жарынан көрген қызы соғыс жылдарындағы ауыр тұрмысты көтере алмай, жастай шетінеп кетті. Соңғы жұбайынан бала сүйіп, өзі де өткен ғасырдың аяғында өмірден озды. Оның інілерінен, яғни ағасының ұлдарынан егер қателеспесем, біреуі Шәрлез Қойшыбаев қана қалған сыңайлы. Ол – қазір Бөкей ордасы ауданының байырғы тұрғыны. Бауыры Жұмахметті ғұмыр бойы күткен әпкесі Жұмабике де 1973 жылы маусымда қайтыс болды.

Айтпақшы, бір ауылдасы НКВД Сайқында пойызға отырғызып жатқан жерінен танысын көріп қалып, былай депті: – Ау, мені мұқият тыңда! Қазір айдауға кетіп бара жатырмын. Ауылдағы Мекең мен Жұмабике апайға айтарсың, мен Бахатты (Жұмахметті тумалары, көрші-көлем солай атайтын) соғыс басталған күні көрдім. Қолында наганы бар, бір топ жауынгермен жүгіріп келе жатты. Біз де казармадан сол сәтте көйлекшең атып шыққан едік. Сол екі ортада жаныма келіп, бомба жарылды. Есімнен танып қалыппын. Көзімді ашсам, бір неміс қасымдағыларды түйгіштеп, тұрғызып жатыр…». Әлгі бейбақ Сібірдегі бір абақтыда бес жыл отырып, елге оралған. Хабарын естіген Жұмахметтің жездесі мен әпкесі ауылына барыпты. Алайда ол мүлдем үнсіз қалып, ешкіммен сөйлеспестен, арада жылдар өткесін, о дүниеге аттанды.

Әрине, Ж. Бижанов хабар-ошарсыз кеткен жоқ. Өзі сияқты миллиондармен бірге соғыстың алғашқы күндерінде кәміл қаза тапты. Мүмкін жау қолында ажал тапқан шығар. Өйткені Вермахт (немістің құрғақтағы қарулы күштері) жоғары басшылығының арнайы бұйрығы бойынша қолға түскен коммунистер мен комсомолдар, комиссарлар, партия және кеңес қызметкерлерін, сардарлар мен шекарашыларды басқыншылар бірден атып тастады. Себебі алдыңғылар «саяси дұшпан» қатарына жатқызылса, соңғылары әскери «қажеттіліктен» туындады. Әрі шекарашылардың соғыстың алғашқы күндері қаһармандықпен қарсыласуы немістер тарапынан ерекше өшпенділікке себеп болды. Ал Ж. Бижанов болса, әрі коммунист, әрі сардар, әрі шекарашы еді.

Міне, осындай қайғылы тағдыр. Миллиондаған соғыс боздақтарының бірінің тағдыры… Мұны ешқашан да ұмытуға болмайды…

Серік ИХСАНҒАЛИ,

«Орал өңірі»


"ЖЕҢІС ТАРИХЫ" БАЙҚАУЫ

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.