4.07.2015, 7:35
Қараулар: 373
Индустрияландыру күні: ЖОЛ ЖАҢҒЫРТУ БАСТАЛДЫ

Индустрияландыру күні: ЖОЛ ЖАҢҒЫРТУ БАСТАЛДЫ

DMS_0362


Шілденің 2-сінде күллі елімізде Индустрияландыру күні өтті. Астанадағы «Көрме» орталығында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен еліміздегі «Нұрлы жол» және индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламаларының жүзеге асырылу барысына арналған жалпыұлттық  телекөпір барысында Үкіметтің аталған бағдарламалар бойынша есебі тыңдалды. Индустрияландыру аясындағы телекөпірге батысқазақстандық жолшылар да қатысты.


Индустрияландыру аясындағы жалпыұлттық телекөпір барысында Мемлекет басшысы Индустрияландыру картасындағы жаңа жобалардың  іске қосылуына және «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша инфрақұрылымдық нысандар құрылыстарының басталуына  ақ жол тіледі. Бұл күні еліміздің түрлі өңірлерінен жаңа индустриялдық 10 нысан іске қосылды. Соның ішінде Теміртаудағы №3 домна пешінің инновациялық жабдықталған жобасы мен Өскеменде кеуекті титан блоктарын қосақтап сығымдайтын, «KAZ KIOTI» компаниясының Оңтүстік Кореяның «Даедонг» компаниясымен біріккен трактор өндірісі, қостанайлық «Лидер-2010» ЖШС-ның сүт цехы, Бурный күн электр стансасы, алюминий профильдерін өндіру сықылды және өзге де қадау-қадау жобалардың тұсауы кесілді. Елбасыға «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша инфрақұрылымдық нысандардың құрылыс барысы таныстырылды. Соның ішінде Мемлекет басшысына «Орал-Тасқала-РФ шекарасы» аутожол учаскесі құрылысының басталуына орай «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ-ның басқарма төрағасы Ермек Қизатов «Орталық-Батыс» көлік дәлізінің құрылысымен таныстырды.

«Жоба Астананы Қазақстанның батыс облыстарымен сапалы автокөлік жолы арқылы байланыстырады. Сондай-ақ макроаймақтың тұтас дамуына ықпал етіп, Ресей нарығына отандық тауарларды экспорттау мүмкіндігін арттырады. Бұл жоба Ресейдің  оңтүстіктегі Астрахан,  Волгоград және Саратов қалаларына шығуға мүмкіндік береді. Бүгін «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы «Орал-Тасқала-Саратов» учаскесін жаңғыртуға дайын. Құрметті Президент, жұмысты бастауға рұқсат сұраймыз!» — деді Ермек Қизатов.

Мемлекет басшысы жол жаңғырту жұмыстарын бастауға рұқсатын берді.

Телекөпірге қатысқан мердігер «Юнисерв» компаниясының  бас директорының орынбасары Дінмұхамбет Сәтбаевтың айтуынша, «Орал-Тасқала-Озинки» бағытындағы 100 шақырымдық аутожолды жаңғырту екі кезеңмен жүргізіледі. Жобаның құны – 23 млрд. теңге. Қаржы Ұлттық қордан бөлінген.  Жолдың бірінші бөлігі 4-тен 27 шақырымға, екіншісі 27-ден 104 шақырымға дейін созылады. Бұған дейінгі күре жолдың 4 шақырымы Орал қаласының аумағында және ол бөлік өткен жылы жөндеуден өтті. Жобаға еліміздің шекарасындағы шекарашылар бекетіндегі  ішкі жолдар да кіреді. «Күре жолдың ені 7 метрден 9 метрге дейін кеңейтіледі.  Жолдың жүк тасымалдылық жүктемесі 6-дан 13 тоннаға дейін күшейтіледі. Жобаны іске асыруға 300-ге тарта адам жұмысқа тартылады.  200-ге жуық жаңа техника жұмыс істейді. Жобаны биыл бастап, 2017 жылы аяқтау жоспарланған», — деді Д. Сәтбаев.

Оның айтуынша, өткен ғасырдың 60-жылдары салынған жолға осы уақыт аралығында күрек жүзі тимеген. Биыл жолды жаңғыртуға 1,8 млрд. теңге бөлінген. Бұған 8 шақырымдық жол салынады. Алдағы жылы жаңғырту жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталмақ,  яғни Переметный ауылы тұсына дейінгі жол салынып бітеді. Негізгі жолдың жабылуына байланысты айналма жол салынған. Жолды жаңғырту жұмыстары 2-3 күнде қарқын алады.

«Автокөлік жолы, темір жол болашақ ұрпақ үшін салынып жатыр. Қазақстанның барлық жерінде тоқтамастан жол салынуда. Астанадан тарайтын сәуле сияқты жан-жаққа шығатын сапалы жол болады. Біздің кең байтақ ұлы даланың жерінде үлкен жолдар ашылып, халыққа жұмыс орындары құрылады. Сондықтан салынып жатқан жолдың сапасына өте үлкен көңіл бөлулерің керек», — деді Н. Назарбаев.

Сонымен, индустрияландыру күні «Алматы-Қапшағай» аутожолы, Шақпақ-Ата асуынан өтетін туннель, Павлодарда Ертіс өзені арқылы өтетін көпір және «Орал-Тасқала-РФ шекарасы» аутожолы құрылысы бойынша жұмыстар басталды. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 7 мың шақырым болатын 11 автожол салу қарастырылған.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.