20.10.2017, 10:37
Қараулар: 3637
«Брат» дейтіні несі?..

«Брат» дейтіні несі?..

Кейінгі кезде қазақ тілінің мәселесі көп айтылып, баспасөзде жиі жазылып жүр. Осыған қарамастан қазіргі жастар орыс тіліне бет бұрып, бір-бірімен «брат», «привет» деп орысша шүлдірлей сөйлеседі. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін!» деп нақты тапсырма берсе де, орыс тілінде қарым-қатынас жасау үрдісі тыйылмай келеді.

 

«Брат» дейтіні несі?..

 

Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатырған ана тілімізді одан әрі дамытып, егеменді еліміздің қарыштап өркендеуі – жастардың қолында. Амал не, бірақ осы жолда жастарымыз адасып жүргендігін атап айтсақ, қаталеспейміз. Көшеде не қоғамдық орындарда жүрген адамдардың қарым-қатынас тіліне құлақ түре қалсаңыз, көпшілік қазақ тілімен қоса орыс тілін араластыра қолданып сөйлейді, тіпті оны мәртебе көреді. Бұл бүгінгі жастардың қазақ тілін біле тұра орысша сөйлесуі қазақ тілінің дамуына кереғар болып отырғандығы көңілге қынжылыс ұялатады.

– Қазақ тілінің дамуына үлес қоспақ ниетпен қазіргі кейбір жастардың амандасу, сөйлеу мәдениеті туралы өз пікірімді қосқым келеді. Жастардың көбісі амандасудың өзін ана тілінде сөйлемей, «Привет» деп амандасуды «дәстүрге» енгізіп алған. «Ассалаумағалейкүм!», «Сәлеметсіз бе?!», «Сәлем!» деп амандасса, оның өзі сыпайлықты, инабаттылықты білдірмей ме?..

Кей жастарымыз «сленгпен» сөйлеуді сәнге айналдырып, оны мақтаныш көретіндігі рас. Мысалы, күнделікті өмірде қолданылатын «базар жоқ», «ок», «құлақтан тепті», «картопты жарды», «қумаш» және тағы да басқа сөздерді де жиі естиміз. Оны жиі қолданудың басты себептері – ғаламтордағы кейбір сананы улайтын сайттар, түрлі бағдарламалар, әлеуметтік желідегі әңгімелер ме деп қаласың.

Қазіргі таңда басты мәселелердің бірі – қазақ тілінің мәртебесін көтеру, жастарымызды өз ана тілінде сөйлесуге қол жеткізіп, ана тіліміздің кеңдігін түсіндіру, — дейді аудандық мемелекеттік архивінің директоры Нұрзия Соқатова.

Жастардың айтатын ойының астары былай тұрсын, оның мән-мағынасының өзі шала-шарпы. Қандай жағдайда да сөзге тоқтаған ұлтымыздың сөйлеу мәдениетінен алыстап бара жатуы көңілге кірбің ұялатады.

«Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар» демекші, осы бір «Аға» деген сөзімізді «Брат» деп, «Сәлем – сөздің атасы» амандасуды да  «привет» деп, туған тілімізді шұбарлап, қазақша-орысша араластырып сөйлейтін  жастарымызға сөйлеу мәдениетін қалыптастырудың бірден-бір жолы – көркем әдебиетті оқу. Сол арқылы тіл байлығын дамытып, шешен сөйлеуге үйрену керек

екендігін естен шығармаған абзал.

Атадан балаға мирас болып келе жатырған ана тілімізді өзге сөзбен араластырып, тілімізді шұбарлап, қадірін кетіріп, құтын қашырмай, түзу сөйлеп, ойымызды дәл жеткізіп, тіліміздің дамуына үлес қосайық.

 

Райымбек АБАЕВ,

Қаратөбе ауданы

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.