27.09.2018, 18:20
Қараулар: 5
Жастар лигасы мәреге  жетті

Жастар лигасы мәреге  жетті

Маусым айының ортасында басталған шағын футболдан Қаратөбе жастар лигасы мәресіне жетті.

Бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттауды мақсат еткен аяқ доп жарысына аудан орталығындағы мекемелер мен көше тұрғындарынан құралған командалар қатысты.

Екі топқа бөлініп өзара мықтыны анықтаған футболшылар жарысы тартысқа толы болды. Өз топтарында үздік шыққан орталық аурухана, «Қаратөбе» спорт клубы, аудандық ішкі істер бөлімі командалары финалға берілер жолдаманы сарапқа салды.

Үш айға созылған ұзақ жарыс кестесін артқа тастап, небір қиын ойындарды өткізген қос мықтының тартысы. Команда ойыншылары тас түйін дайын келген. Бірі шабуылға ден қойса, екіншісі қорғанысқа күш салған.

Жеке ойыншылар да шеберліктерін көрсетіп, түрлі әдіс-айлалармен қарсыластарын қапы қалдырған сәтте көрермен қиқуға салып, ойынды одан сайын қыздыруда.

Ойын нәтижесінде аудандық орталық ауруханасы алға шығып, І орынан көрінді. ІІ орын «Қаратөбе» спорт клубының командасына, ІІІ орын аудандық Ішкі Істер бөлімінің командасына бұйырды.

Сондай-ақ жарыс барысында командасын алға сүйреп, үздік ойындарын көрсеткен Нұршат Әсетов (аудандық Ішкі Істер бөлімі) «Үздік шабуылшы», Ермек Тілеуғалиев (аудандық орталық ауруханасы) «Үздік қорғаушы», Медетхан Қуанғалиев  («Қаратөбе» спорт клубы)«Үздік қақпашы» аталымдарымен марапатталды.

Тоты ЕСҚАЙЫРОВА,

Қаратөбе ауданы