28.09.2018, 9:44
Қараулар: 2
Қаратөбелік бүлдіршін облыстық «Бала тілі – бал» байқауында І орын алды

Қаратөбелік бүлдіршін облыстық «Бала тілі – бал» байқауында І орын алды

25 қыркүйек күні облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан халқы тілдері күніне арналған «Тіл –тұтастық туы» атты облыстық тіл айлығы аясында мектепке дейінгі ұйым мекемелерінің тәрбиеленушілері арасында «Бала тілі – бал» атты облыстық байқауы оздырылған болатын-ды.

 

Өнер сайысы мемлекеттік тіл саясатын насихаттау, мектепке дейінгі мекемелерде қазақ тілінде білім мен тәрбие берудің сапасын арттыру, балалардың мемлекеттік тілге деген құрметін, Отанға деген сүйіспеншілігін қалыптастыру, шыңдау мақсатын көздеді.

Облыстық байқау туған жерге байланысты өлеңді мәнерлеп оқу, суреттерге қарап сөйлем құрастыру, балаларға арналған қазақ әндерін шырқау, жаңылтпаштарды мүдірмей айту сынды бөлімдерден тұрды.

Байқау қорытындысында қаратөбелік Мұхит атындағы жалпы білім беретін мектебінің мектепалды даярлық тобының тәрбиеленушісі Байжан Сержанұлы жүлделі I орынға ие болды.

 

– Байжан бұл байқауда жергілікті ақын Е.Бимұхановтың «Ауылым –асқақ мекенім» өлеңін мәнерлеп оқып,  Бота Бисенованың «Қасиетті домбыра» әнін шырқап,  жаңылтпаш пен берілген суреттерге байланыстырып сөйлем құрауда еш мүдірмеді.

Жыл сайын оздырылатын байқауға 25 үміткер қатынасты. Байжан Тұрабайға жетекшілік еткен Мұхит атындағы жалпы білім беретін мектебінің мұғалімдері Гүлімхан Рысбайқызы, Гүлімхан Болатқызының еңбектері зор, — дейді аудандық мектепке дейінгі оқыту мен тәрбие бойынша әдістемелік кабинетінің әдіскері Гаухар Жекенова.

 

 

 

Райымбек АБАЕВ,

Қаратөбе ауданы