28.09.2018, 18:55
Қараулар: 3
Тіл – ұлт қазынасы

Тіл – ұлт қазынасы

Бүгін Қаратөбе ауданында  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне орай «Туған тілім – тірлігімнің айғағы» атты тілдер фестивалі өтті.

Мерекелік салтанатты шараны аудан әкімінің орынбасары Рашит Иманғалиев құттықтау сөз сөйлеп ашып, ана тілімізді кеңінен насихаттау, оның қолдану аясын кеңейту және дамыту бағытында сүбелі үлес қосып жүрген бір топ қаратөбелік тіл жанашырларын алғысхатпен марапаттады. Олардың қатарында Мербол Есендосов, Ажаргүл Әлиева, Жұлдыз Маширова, Айнагүл Қызғожиналар бар. 2017 жылдың 31 қазанында Үкімет Қаулысымен 5 қыркүйек Қазақстан  халқының тілдері күні болып бекітілген. Аталмыш елеулі мерекеге орай елімізде көптеген шаралар жүргізілуде.

Тіл – халықтың жаны, рухани байлығы, асыл қазынасы.

Халқымызда  «Тіл – атадан қалған асыл мұра» деген аталы сөз бар. Ана тілін сүйетін адам Отанын, атамкенін сүйеді деген сөз.

Туған тіліміздің мәртебесін көтеріп, абыройын асқақтату, қолдану аясын кеңейте түсу – әрбір қазақстандықтың  қасиетті борышы.

Тілсіз – елдің өмір сүруі мүмкін емес, тілі жоғалған ел жер бетінен жойылады.

Ана тілімізді дамыту, тіл тазалығын сақтау, оның қолданыс аясын кеңейту бағытында жұмыстануға тиіспіз, —  деді аудан әкімінің орынбасары Рашит Нәсіпқалиұлы.

Мерекелік фестивальге қатысушы облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы  Жомарт Ерназаров шараны ұйымдастырушы аудан басшылығына, қаратөбеліктерге ризашылығын білдіріп, тілімізді кеңінен насихаттаушы  Мербол Есендосовқа, Гүлбану Бердіғалиеваға, Гүлнар Қойшығұловаға  Батыс Қазақстан облысының тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның атынан алғыс хат  табыс етті.

Аудандық тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің  басшысының міндетін атқарушы Венера Ғұбайдуллина  Гүлшара Жұматаеваны, Қайыр Бисенғалиды, Бақытгүл Тналиеваны, Құрманай Ғатауованы қазақ тілін насихаттаудағы елеулі еңбектеріне орай алғыс хаттармен, тіл мерекесіне орай оздырылған  «Мың бір мақал» сайысының жеңімпаздары, бас жүлдені жеңіп алған  «Руханият», жүлделі  І орын иегері «Тәуекел», ІІ және ІІІ орындарды еншілеген «Бірлік», «Алаш» топтарын алғыс хатпен марапаттап, сыйлықтар табыстады.

Аудандық мәдени-демалыс орталығының көркемөнерпаздарының  орындауындағы әсем әндер мен «Қазақ тілі» атты қойылымы көрермен қауымға көтеріңкі көңіл сыйлады.

                                                                           Ерболат РАЙСОВ,

                                                                           «Қаратөбе өңірі»