4.10.2018, 10:25
Қараулар: 116
Ұстаздар еңбегі – зор құрметке лайық

Ұстаздар еңбегі – зор құрметке лайық

 Қаратөбе аудандық мәдениет үйінде өткен  ұстаздар күні мерекесіне арналған «Ұстаз жарық күні ғаламның…» атты салтанатты  шарада   еңбектегі жетістіктерімен көрінген 40-қа тарта ұстаз Қаратөбе ауданы әкімінің алғысхатымен,  9 ұстаз Батыс Қазақстан облысының білім басқармасының және білім басқармасының кәсіподақ ұйымының «Құрмет грамоталарымен» марапатталды.

Ұстаздар мерекесіне арналған шарада  аудан мектептерінде оқып білім алып, қазір еліміздің әр аумағында түрлі салада елеулі еңбек етіп жүрген және білім алып жатырған бір топ қаратөбеліктер  сахна төріндегі онлайн тақта арқылы қаратөбелік ұстаздарды төл мерекелерімен құттықтап, мұғалімдерінің келешек ұрпаққа білім беру жолындағы еңбектеріне тың табыстар тіледі.  Олардың қатарында Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық Қазақ драма театрының әртісі, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген мәдениет қайраткері  Ербол Есендосов, Қоскөл ОЖББМ түлегі, Еуразия Ұлттық университетінің студенті, Америка құрама штаттарында  3 ай курста оқып білімін жетілдірген дарынды жас, қоскөлдік  Махмут Максимұлы  және тағы басқа ауданымыздан түлеп ұшқан белгілі тұлғалар бар.

Аудан басшысы Жанат Асылханұлы аудан ұстаздарының ел келешегі оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие жолындағы еңбектерін айырықша атап, барша аудан ұстаздарын зор мәртебеге ие кәсіби мерекелерімен құттықтады.

–    Ұстаз ұлағатты есім. Ұстаз – білім беру жүйесінің тірегі әрі  жүрегі. Елдің келешегі  білімді ұрпақ. Келешек ұрпаққа жоғары деңгейде білім беру сіздердің қолдарыңызда. Осы салада ізденіспен еңбек етіп жүрген сіздердің еңбектеріңіз өлшеусіз.

Соңғы жылдары еліміздің білім беру саласында көптеген жетістіктер болып жатыр. Сол жетістіктерге біздің ауданымыздың білім беру саласы да қол жеткізді.

Білім саласын цифрландыру күн тәртібінен түскен емес. Биыл аудандағы 19 мектепке  «BiIim Land» білім платформасы қондырғылары орнатылып, іске қосылды. Аудан орталығындағы екі мектеп «Kundelik.kz» сайтына қосылса, «Нұр Отан» партиясының бастамасымен гимназия мектебінде 2-10 сынып оқушыларына 3D модельдеу, бағдарламалау, инженерлік сызба, робототехника салалары бойынша білім беретін IT — сыныбы ашылды.  Қазір осы сыныпта 226 оқушы қосымша білім алуда.

Құрметті аудан ұстаздары, мәртебелі мамандық иесі  Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Жаңа оқу жылындағы жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін. Мереке құтты болсын,- деді  ұстаздар қауымын  төл мерекелерімен құттықтаған аудан басшысы Жанат Асылханұлы.

Аудандық саз мектебінің оқушылары мен мектепке дейінгі даярлық тобында тәрбиеленуші балғын бүлдіршіндер ұстаздарына арнаған өнерлерін көрсетсе, аудан көркемөнерпаздары ұстаздар мерекесіне арнаған әсем әндері мен мың бұрыла билеген билерімен көрерменді тәнті етті.

                                            Ерболат РАЙСОВ,   Қаратөбе ауданы

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.