9.10.2018, 18:04
Қараулар: 377
Қаратөбеде қазыналы қарияларға құрмет көрсетілді

Қаратөбеде қазыналы қарияларға құрмет көрсетілді

1 қазан – Халықаралық қариялар күні мерекесіне орай аудан әкімі Жанат Асантаев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан қарияларға құрмет көрсетті.

Алдымен, қазыналы қариялар Қажым Жұмалиев атамызға арналған ескерткішті, «Астана» саябағын, М. Мерәлиев атындағы аудандық тарихи-өлкетану музейін және аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін аралады.

«Шыңғыс» мейрамханасында жайылған мерекелік дастарқанда ардагер ақсақалдар мен ақ жаулықты аналарды мерекелерімен құттықтаған аудан әкімі Жанат Асылханұлы:

– Құрметті ақсақалдар, ақ жаулықты  әжелер, баршаңызды мерекелеріңізбен құттықтаймын. Сіздер өңіріміздің көркеюіне өлшеусіз үлес қостыңыздар. Сіздерге қарап, біз үлгі аламыз. Алдыңғы толқынның өмірлік тәжірибелері, ақыл-кеңестері кейінгі толқынға қажет деп есептейміз. Келелі кеңестеріңізді айтып, ортамызда жүре берулеріңізге тілекшімін, — деді.

Мерекелік кездесуде сөз алған аудандық мәслихат хатшысы Қадыржан Сүйеуғалиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Ермекқалиев, еңбек ардагерлері Сайлау Фазылов, Зайзағат Бөлеғалиев, Мүкарима Хасанова және аудандық зейнетақы қорының басшысы Сағима Далабаева барша қарияларды айтулы мерекемен құттықтап, өмiрде түйген даналықтары мен тәжірибесі мол қариялармен басқосудың маңыздылығына тоқталып, абзал жандардың дендеріне саулық, отбасыларына амандық, ұзақ ғұмыр тіледі.

Данагөй қарияларға көтеріңкі көңіл күй сыйлаған аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері сазды сәлемдемелер жолдап, мереке көркін аша түсті.

Тағылымы мол кездесу соңында көнекөз қарттарға, әз әжелерге сыйлықтар табыс етілді.

 

 

Райымбек АБАЕВ,

Қаратөбе ауданы

 

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.