11.10.2018, 18:41
Қараулар: 105
Қаратөбе ауылдық округінде  қариялар мерекесі дәріптелді

Қаратөбе ауылдық округінде  қариялар мерекесі дәріптелді

Бүгін  аудан орталығындағы  «Береке» кафесінде Қаратөбе ауылдық окургі  әкімі  аппараты ұжымы ұйымдастырған мерекелік шараға орай  ауылдық округтің  Қаратөбе, Шөптікөл, Үшағаш, Соналы ауылдарының қариялары бас қосты.

 

Айтулы мерекелік шараны Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Ғалымгерей Қайырғалиев  құттықтау сөз сөйлеп ашты.

Аудан орталығындағы «Береке» кафесіндегі қариялар мерекесіне арналған дастарқан мәзіріне округтің төрт ауылынан елдің  дамуына  сүбелі үлес қосқан   40-тан астам қазыналы қария   қатысып,  жастарға үлгі боларлық  өнегелі әңгімелерін айтып, өз ойларын ортаға салды.

  • Ақылдың кеніші, қазыналы қарияларымыз қандай да құрметке лайық. Округ ардагерлері ауданымыздың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келеді. Аға ұрпақ өкілдерінің еңбек жолдары келешек ұрпақ жастарға үлгі, өнеге.

«Қарттарын  ардақтай білген елдің  қашан да рухы үстем, шаңырағы  биік»,-  деген болатын Елбасы Н.Ә.Назарбаев.

Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету  адамзаттың ең жоғары қасиетінің бірі.  Сондықтан біз қарияларымыздың қадір-қасиетін жоғары бағалап, олардың елеулі еңбектері мен өнегелі істерін әрқашан да дәріптеп отыруға тиіспіз.

Осындай ізгілік істерге белсене атсалысып, демеушілік танытып жүрген қаратөбелік кәсіпкерлер Таңсұлу Ислямова мен Гүлнар Мұсаеваға, үшағаштық Сақыпжамал Қазиева мен Нұршат Ахмедьяровқа және округтегі басқа да көптеген  кәсіпкерлерге айтар алғысым шексіз, —  деді округ қарияларын мерекелерімен құттықтаған  Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Ғалымгерей Қажыгерейұлы.

Ұлы Отан соғысының ардагері Құрманғали Ысқақов, құқық қорғау саласының ардагері, шөптікөлдік Қуаныш Мәжитов, Шөптікөл ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы  Жамбыл Тоқжанов, Соналы ауылынан келген зейнеткер Шандоз Сағынова, ауданда түрлі салаларда  басшылық қызметтерді атқарған  Қаратөбе ауылының  зейнеткерлері  Мәулен Қожахметов, Махсот Ермеғалиев, Еркінбек Жәнібеков, еңбек ардагері , үшағаштық Болат Жаманғарин, қаратөбелік ардагер ұстаз Гүлбағида Қорғанова, ауыл ақсақалы Жалғас Темірғалиев, қаратөбелік зейнеткер Күләш Мұхтарова  Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың  сындарлы саясаты аясында елде атқарылып жатырған игі  істер мен елдегі   жағымды жаңалықтарға, ауданда тындырылған ауқымды істерге тоқталып,  ел ағалары мен ауыл кәсіпкерлерінің  қарияларға көрсетіп отырған құрметі мен қамқорлығына ризашылықтарын білдіріп,  айтулы шараны ұйымдастырып қарияларға асқақ  көңіл мен жылылық сыйлаған  Қаратөбе аулыдық округі әкімі аппараты қызметкерлері мен ауыл әкімі  Ғалымгерей Қайырғалиевке, салтанатты шараны сазды әуенмен өрнектеген аудандық мәдени-демалыс орталығының көркемөнепаздарына  жүрекжарды жылы лебіздерін айтты.

Қаратөбелік кәсіпкерлер Таңсұлу Ислямова мен Гүлнар Мұсаева ауыл қартарын мерекелерімен құттықтаса, Шөптікөл ауылының тұрғыны, батагөй ақсақал Қуаныш Мәжитов қариялар күні мерекесіне арналған мерекелік шараға қатысушыларға арнап ақ батасын берді.

 

                                                                                   Ерболат РАЙСОВ,

                                                                                    Қаратөбе ауданы

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.