12.10.2018, 12:20
Қараулар: 3
Әуесқой сазгердің жүлдесі

Әуесқой сазгердің жүлдесі

Ұлы даланың кіндігінде, ерке Есілдің жағасында бой түзеген әсем Астана — жаңа ғасыр ғажабынан жаралған жас қалаға биыл 20 жыл толуына орай «Арман қала – Астана!» атты әуесқой композиторлардың облыстық ән байқауы өтті.Сыршыл нәзік өнерді дәріптеген байқауға Қаратөбе ауданынан Шөптікөл ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Марат Тажаяқов қатысып, жүлделі І орынды иеленді. 

Астана қаласының абырой-беделін ән қанатында асқақтатып, әсем ажары мен табиғатын насихаттау,  рухани-мәдени өміріне жаңаша серпін беру, ән әлеміндегі жаңа дарындыларды халыққа таныту, шығармашылық шыңдалуына қолдау көрсету мақсатында облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған айтулы өнер додасына 16 әуесқой композитор қатысып, бақ сынады.
Байқаудың талабына сай композиторлардың Астана және туған жер мен ел туралы екі әні авторы көрсетілмей, берілді. Туындылар тыңдалып, жабық іріктеуден өткізілді.

Айта кетелік, байқаудың екінші кезеңінде композитордың әндерін республикалық байқаулардың жеңімпазы, ауданымызға белгілі әнші Рүстем Ақташев  Мәулен Салахаденнің сөзіне жазылған «Жан қалауы жазирам» әнін шырқады.
Жерлесіміз Марат Ғабдоллаұлы үздіктер қатарынан көрініп ән қазынасына өзіндік қолтаңбасын қалдырды.

  • Әуесқой композиторлардың облыстық ән байқауына қатысып, келгеніме қуаныштымын. Бойымызға дарыған өнерімізді шыңдауға арналған байқау шығармашылық ізденіске бағыттайды. Ендігі жерде дәстүрлі түрде өткізіліп тұрса құба-құп болар еді. Өнер аламанында сынға түскен өзге қатысушылар да тыңғылықты дайындалып келгендері байқалды, — дейді Марат Тажаяқов.

 

Тоты ЕСҚАЙЫРОВА,

Қаратөбе ауданы