15.10.2018, 18:46
Қараулар: 112
Ұжым ұйымшыл болса, іс баянды болмақ

Ұжым ұйымшыл болса, іс баянды болмақ

Бүгін Қаратөбе аудандық мемлекеттік  коммуналдық шаруашылығы мекемесінде  аудан  окрутеріндегі су тарату жүйесі операторларының қатысуымен алқалы жиын өтті.

Аудан бойынша елдімекендер тұрғындарын  ауызсумен қамтып отырған коммуналдық шаруашылық  мекемесіндегі  жиналыстың күн тәртібінде  қызмет тәртібінің  сақталуы, басты мәселе мекемеге қарасты ауыз су тарататын орындардағы қызмет ережелерінің сақталуы, жұмысқа  жауапкершілік  басым айтылды.

Мекеме есепшісі Азамат Бердіғалиев еңбекақыға қатысты мәселелер төңірегінде әңгімелеп, мекеме бюджетіне байланысты шттатық кестеге өзгерістер енгізілетіндігін, барлық су тарату орындарында  алдағы уақытта бірқатар қызметкерлер қысқартылып, бір ғана оператордың қызмет көрсететіндігін ескертті.

–  Халыққа су тарататын стратегиялық маңызды орындарда   бірінші тазалық пен жұмыс тәртібі қатаң сақталуы тиіс. Сонымен қатар олардың үзіліссіз жұмыс жасауын қамтамсыз ету бағытында   су айдағыш насостар мен қондырғыларды  тиімді пайдалану, электр қуатын үнемдеу  сияқты жұмыстарды өз деңгейінде жүргізуге үлкен көңіл бөлген жөн.

Тұрғындар тұтынған судың төлемдерін жинауды уақытылы жүргізу керек.   Бұл өзекті  мәселе Шөптікөл ауылында жақсы жолға қойылған.

Ең басты мәселе суды ысырапсыз пайдалану. Бұған көпшіліктің әлі де болса түсінігі төмен. Ауыз сумен мал суаруға,  көлік жууға, бақша суаруға болмайды.  1 тонна судың құны 200 теңге.   Бір күнге бір адамға 50 литр  су пайдалану  көрсетілген. Кезінде судың тапшылығын көрген  Үшағаш,Үшана ауылдарының тұрғындары судың қадыр-қасиетін жақсы түсінеді деп ойлаймын.

Үкіметтен  субсидия алған Сулыкөл ауылының халқы  судың әр литріне  4 тиыннан төлесе, субсидия алмаған Соналы, Үшағаш,Үшана ауылдарының тұрғындары судың 1 литріне 20 тиыннан төлеуде.

Судың ақшасын жинау, су тарататын орын  жұмысын тоқтаусыз жүргізу, тазалықты сақтау осы жұмыстардың барлығы бір ғана операторға жүктеліп отыр. Сондықтан сіздерге  арттырылып отырған жауапкершілік жоғары.

Ұжымыңдарыңыз екінші үйлеріңіз. Баршаңызды бір үйдің адамдарындай жұмыла жұмыс жасауға шақырамын.

Ол үшін ең әуелі  жұмыс орнында тәртіп қатаң болу керек, –  деді мекеме басшысы Айбар Жанғабылұлы.

Жиналыста округтердің операторлары су тарату орындарындағы өзекті мәселе болып отырған қажетті қондырғылар мен насостар орнатуды, қоғамдық ақылы қызмет есебінен көмекшілер тағайындауды алға қойып, қысқа әзірлік жұмыстары туралы баяндады.

                                                                                Ерболат РАЙСОВ,

                                                                                 Қаратөбе ауданы

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.