16.10.2018, 20:31
Қараулар: 6
«Қаратөбе әйелдері» бірлестігінің IV форумы

«Қаратөбе әйелдері» бірлестігінің IV форумы

Бүгін, Қаратөбе аудандық «Қаратөбе әйелдері» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Отбасы. Әйел және бизнес» тақырыбында  аудандық IV әйелдер форумы өтті.

Халқымыз бір қолымен бесігін, екінші қолымен әлемді тербеткен ананы ерекше сыйлап, құрмет көрсеткен. Қазіргі таңда әйелдер саясатта, бизнесте, экономиканың барлық салаларында ер азаматтармен қатар еңбекке белсене араласып, қабілет дарынымен, іскерлігімен көзге түсіп жүр. Олар мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне лайықты үлестерін қосуда. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Қоғамның даму барысын өмірде – нәзік, көңілде – биік, ал істе – мығым әйелдер қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес» деген болатын. Мемлекет басшысы жалпы еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері гендерлік саясат мәселесін назардан тыс қалдырған емес.

Алдымен мәдениет үйінің фойесінде ауылдық округтерден келген он саусағынан өнер тамған қыз-келіншектердің  қолымен жасалған бұйымдар мен тәтті тағамдары  көрмесі өтіп, тамашалаушылардың таңдайын қақтырды.

Әйел адамның қоғамдағы, жалпы адамзаттың өмірінде алатын орнының ерекшелігіне тоқталған қоғамдық бірлестіктің төрайымы Ажар Берікқалиева форум жұмысын  жүргізді.

Форумның ашылу салтанатында қоғамымыздағы тұрақтылық пен еліміздің қалыпты дамуындағы әйелдер рөлінің жоғары екенін атап өткен аудан әкімі Жанат Асантаев: «Әйелдің жаны нәзік, жолы жіңішке» дегендей, сіздердің білімдеріңіз, тәжірибелеріңіз, іскерлік қабілеттеріңіз бүгінгі өмірді гүлдендіре түсетіндігіне  сенімдімін. Сіздердің ұлт тәрбиелеу мен қоғамдағы еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін, — деді.

Форумның марапаттау рәсімінде жанұя жылыуын, шаңырақ шаттығын сақтай отырып, халқымыздың мәдениеті мен тарихын қадірлеп, салт-дәстүрдің дамуына үлес қосып жүрген бір топ нәзік жандыларға аудан әкімінің алғыс хаты табысталды.

Батыс Қазақстан облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясатты дамыту жөніндегі комиссия хатшысы Алтын Жұмағазиева облыс көлемінде атқарылған жұмыстар барысына тоқталып, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғ.Оспанқұловтың алғыс хаттын Айжан Жұмағалиқызы, Нұржамал Сәрсенқызына табыстады.

Кезегінде мінберге көтерілген қаратөбелік ардагер ұстаз Гүлбағида Қорғанова әйел алдымен отбасының ұйытқысы, ең бастысы «ана» деген киелі ұғымның иегері сұлулықтың символы – әйел адам екендігіне тоқталды.

  • Отбасы – адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Әр отбасы мемлекеттің бір бөлшегін құрайды. Біздің қоғамда отбасы әрқашанда рухани және мәдени дәстүрлерді сақтаушысы түрлі буындар арасын жалғастырушы болды және солай болып қала бермек.  Отбасы қашанда әр әйел-ана үшін киелі мекен. Қазақ халқы отбасының жылуы отағасының қосағы ырыс пен берекеттің бастауы, — деп ой сабақтаған Орал қалалық әйелдерге арналған бейімделу орталығының директоры Ганди Ізтұрғанқызы отбасы, әйел мен ер құндылықтары, шаңырақты шайқалтпай берік ұстау жөнінде кеңінен тоқталды.

Форум жұмысының екінші бөлімінде «Қоғамның, отбасының, бизнестің дамуындағы әйелдердің рөлі» турасында Қаратөбе аудандық сотының төрайымы Бақытгүл Жәңгірова, БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция майоры Шынар Датқызы сөз сөйлеп, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған киелі өңірде қылмыстық, зорлық-зомбылық істер тіркелмегендігіне, 16 неке бұзу туралы азаматтық іс қаралғандығына тоқталды.

Әйелдер форумында сөз сөйлеген Сырым аудандық «Сырым жауһарлары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мәншүк Бахитова қыз бала тәрбиесіне байланысты нақыл сөздер келтірсе, Жусандыой ауылдық округінің әйелдер кеңесінің төрайымы Айжан Жолымбетова аталған округте атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Жиынның үшінші бөлімінде отбасының қарым-қатынасы және ұрпақ тәрбиелеудегі аналардың рөлі  бағытында пікір алмасылды.

Форум қорытындысында күн тәртібіндегі мәселелерге орай форум жұмысының қарары қабылданды.

 

Тоты ЕСҚАЙЫРОВА,

Қаратөбе ауданы