19.10.2018, 15:47
Қараулар: 310
Қаратөбеде «Ғарекең жүрген жолдармен…» атты ән кеші өтті  

Қаратөбеде «Ғарекең жүрген жолдармен…» атты ән кеші өтті  

 

Дәстүрлі өнерді ұлықтап жүрген Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония коркемөнерпаздарының «Ғарекең жүрген жолдармен…» атты жобасы аудан орталығынан бастау алды. Аудандық мәдениет үйінде құлақ құрышын әнмен қандырған, домбыра шанағынан күй төгілтіп, Мұхит пен Ғарифолланың рухын дәріптеген ән кеші жоғары деңгейде өтті.

        Ән ордасына айналған қасиетті мекенге филармония ұжымын ҚР мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қаратөбе ауданының құрметті азаматы Сағадат Рахметжанов бастап келді.

–  Қазір Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұлттық өнерімізді дәріптейтін түрлі бағдарламалар жүзеге асып жатыр. Бүгінде ұлттық  өнеріміз той әндерінің тасасында қалып жатқан жағдайы бар. Елбасының аталмыш бағдарламасы аясында қасиетті қара домбырамызға ерекше мән берілуде. Жақында ғана облысымызда 1700 домбырашы бір мезетте күй ойнап, Қазастанның рекордтар кітабына енді. Рухани жаңғыру дегеніміз де, осы кенжелеп бара жатқан өнерімізді қайта жаңғырту, бүгінгі уақыт талабына икемдеп, қайта жаңарту деп түсінгеніміз абзал, — деді Сағадат  Рахметжанов кеш барысында.

Әсем әуезді кеште дәстүрлі әнші Назгүл Хабиева «Әнші дауысы», «Шымыр» секілді халық әндерін нақышына келтіріп шырқаса, Ақмарал Ахметова Моцарттың «Аллилуйя», Шәмшінің «Ақмаңдайлым», Жаскелеңнің «Туған жерге сағыныш» әндерін әсерлі орындады. Жерлес әншә Майра Хайдарова халық әні «Әгугай», Ақұштап Бақтыгерееваның «Оралдың ерке самалы», Ғазизхан Шекербектің «Жылдар, жылдар» әндерін әуелетсе, жергілікті дәстүрлі әншә Нұршат Исламғалиев халық әні «Ақеркені» шырқап берді.

Он саусағынан өнер тамған филармония күйшісі Берік Шаймарданов Құрманғазының «Ұзақ-Ақжелең», Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйлерін көпшілікке тарту етті.

Сазды кеште Сағадат Рахметжановтың орындауындағы Мұхиттың «Үлкен Айдай», «Шандоз» әндерін, Маңғыстау термелерін көрермен ерекше ықыаспен қабыл алды.

Ғарифолла мен Мұхит әндерін көпшілікке насихаттап, төл өнеріміздің шырағын өшірмей, халыққа насихаттауды мақсат тұтқан өнер ұжымы осы кезге дейін республиканың бірнеше облыстары мен аудандарын және Ресейдің Астрахан, Вологоград, Самаров облыстарын аралап, халықты домбыра үнімен сусындатып жүр.

Әсем әндермен өрілген кеште аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан өнер ұжымына аудан халқы атынан ризашылығын білдіріп, алғыс хат табыстап, сый-сияпат көрсетті.

 

 

Ажаргүл ӘЛИЕВА,

Қаратөбе ауданы

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.