19.10.2018, 17:27
Қараулар: 3
Қоғам қайраткерін қабылдады   

Қоғам қайраткерін қабылдады   

Бүгін Қаратөбе ауданының әкімі Жанат Асантаев ұзақ жылдар ауданда басшылық қызметтерде болған туған жер перзенті Төлеген Себеповты қабылдады.

 Аудан басшысы ел ағасы Төлеген  Себепұлын мерейлі 80 жасымен құттықтады. Абыз ақсақалдың ел игілігі үшін атқарған елеулі еңбегіне алғысын білдіріп, иығына шапан жапты.

Төлеген аға Алматы зоотехникалық-ветеринарлық институтын тәмамдап, ауданда бөлімшенің мал маманынан бастап, кеңшардың бас мал маманы, кеңшар директоры, аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды. Аудандық атқару комитетінің төрағасы болып 9 жыл жұмыс жасады. Ауданның әлеуметтік дамуына  үлкен үлес қосты.

– Бүгін туған жер төсіне келіп, сіздердің құрметтеріңізге бөленіп жатырғаныма қуаныштымын.

Сіздердің құрметтеріңізге ризашылығымды білдіріп, баршаңыздың еңбектеріңізге сәттілік, отбасыларыңызға амандық тілеймін.

Аудан орталығы Қаратөбе ауылы жыл сайын көркейіп, гүлденіп келеді. Ол сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасы, Қаратөбе ауданының  еңбекқор халқының  қол жеткізген игі істері.

Халқының бірлігі жарасқан қасиетті Қаратөбе өңірі өркендей берсін, — деген жылы лебізін  айтып, өзінің еңбек жолынан сыр шертті.

Төлеген Себепұлымен бірге қызметтес болған  аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Ермекқалиев  Төлеген ақсақалдың  еңбек жолы, елге елеулі еңбегі турасында әңгіме тарқатты.

Аудан басшысының Төлеген  Себепұлын қабылдауына   кезінде ол кісімен бірге қызмет жасаған әріптестері Орынғали  Ермекқалиев, Жақан Оразов, Сайлау Фазылов, Жамбыл Тоқжанов, Мәулен Қожахметов, Махсот Ермеғали, Сағынғали Бақтығалиев, Мағзом Есендосов және аудандық мәслихаттың хатшысы Қадіржан Сүйеуғалиев, аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан қатысты.

                                            Ерболат РАЙСОВ,

                                    Қаратөбе ауданы