22.10.2018, 14:36
Қараулар: 2
Қарттарын қадірлеген қаратөбеліктер

Қарттарын қадірлеген қаратөбеліктер

Бүгін аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бақытжан Жүсіпқали, бас маман Гүлжайна Ермұханбетова, аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Еркінбек Жәнібеков жыл сайынғы дәстүрге сай қайырымдылық айына орай Орал қаласындағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болып, хал-жағдайын біліп, аман-саулық сұрасты.

 

Қазіргі кезде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сай аға ұрпақ өкілдеріне Үкімет тарапынан қамқорлық жасалып, қарттарды қамқорлау бағытында республика аумағында ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Шарада сөз сөйлеген аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бақытжан Жүсіпқали қарияларды халықарылық мерекелерімен құттықтап, дендеріне саулық, жылдан жылға аман-есен жүздесуге нəсіп етуді тіледі.

Қарттарын қадірлейтін қаратөбеліктер осы әлеуметтік орында тұрып жатқан жерлестерімен кездесіп, оларға арнаған жылы лебіздерін айтып, дастарқан мәзірін əзірлеп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын концерттік бағдарламаларын ұсынды.

Сахна төріне көтерілген Орал әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директорының әлеуметтік істер жөніндегі орынбасары Айгүл Мұстафина сөз сөйлеп, игі істі ұйымдастырып, ізгі ниет танытқан жандарға ризашылығын білдіріп, қызметтеріне табыс тіледі.

Көрсетілген сый құрметке риза болған қарттарымыз дастарқан басында емен-жақын әңгіме айтып, ауылдың тыныс-тіршілігінен хабардар болып, қаратөбелік өнерпаздардың концерттік бағдарламасын зор ықыласпен тыңдап, қошемет көрсетіп отырды.

Аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Еркінбек Жәнібеков дастарқан басындағы жүздесуде аудандағы жаңалықтарды айтып, ауданның əлеуеті жылдан-жылға дамып келетіндігін тілге тиек етті. Осында тұрып жатырған Баймағамбет Батырғалиев ата: «Менің осында тұрып жатырғаныма 10 жыл болды. Ауданымыздан арнайы өкілдер келіп, сый-сияпатын жасап, өнерлерін көрсетіп жатыр. Туған өңірімізден келген өнерлі балаларымызды көріп қуанып жатырмыз. Өнерлері өрлей берсін!» деп, жылы лебізін арнап, ақ батасын берді. Кездесудің соңында қарияларымызға сый-сияпат ұсынылды.

Осындай жылы шырайлы кездесуді ұйымдастырған ізгі жандарға қариялар алғыстарын айтты. Круглоозорный арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 11, Көшім арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы екі тәрбиеленуші жерлестеріміз де қайырымдылық айлығында назардан тыс қалмады. Балаларға арнайы барып, тұрмыс жағдайларын біліп, сый құрмет көрсетілді.

 

Тоты ЕСҚАЙЫРОВА,

Орал қаласы