25.10.2018, 12:13
Қараулар: 1
Бала асырап алу жөніндегі кеңес

Бала асырап алу жөніндегі кеңес

24 қазан күні «Ана үйі» қоғамдық қорының мамандары  аудынына арнайы келіп аудандағы орта білім беретін мектептердің әлеуметтік педагогтары және психологтарымен кездесу өткізді. 

Семинарда бала асырап алғысы келетiн ата-аналарға балаға деген жылы қарым-қа­тынасы мен жаңаша көзқарасын қалыптастыру бағыты туралы айтылды. Сондай-ақ, балалар үйіндегі жеткін­шектердің психологиясы, олардың ата-аналарымен жұмыс істеу жайы да жан-жақты сөз болды.

  • Бала асырап алу үшін шешім қабылдау оңай емес екені белгілі. Жауапты қадам жасаған азаматтарға ата-анасыз өскен және отбасы жылуын көрмеген балалардың өздеріне тән психологиялық ерекшеліктері болатыны турасында түсінік береміз. Олардың мүлдем танымайтын отбасына бірден бейімделіп кетуі қиынға соғады. Өкінішке қарай, асырап алған балаларды кері қайтарған жағдайлар да кездесті. Сондықтан, осындай мәселелерге қатысты ата-аналарға көптеген кеңестер беріледі, — дейді «Ана үйі» қоғамдық қорының психологы Жанаргүл Қожанова.

Жиын барысында «Ана үйі» қоғамдық қорының координаторы Зәмзагүл Заитқызы, аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Іңкәр Есқазиева өзіндік ойларымен бөлісті.

Орал қаласында арнайы орталыққа келіп қажетті мәліметтер мен  ақпараттар алып, орталықтың қызметкерлері оларға баланы қалай асырап алуға болатынын түсіндіріп, психологиялық көмек береді. Мамандар онда келген әрбір ата-анамен жекелей жұмыс жүргізеді. Сондай-ақ, мемлекеттік мекемелермен бірлесе отырып, тиісті құжаттарды заңды түрде рәсімдеуге көмек көрсетіледі.

Бала асырап алғысы келетiн ата-аналармен жеке жұмыс iстеп, оларды жауапты қадамға дайындау, ба­ла­ларға психологиялық көмек көрсету де аса маңызды іс.

Жиын соңында барлық қатысушыларға тренинг ұйымдастырылды.

Тоты ЕСҚАЙЫРОВА,

Қаратөбе ауданы