2.11.2018, 9:47
Қараулар: 123
Баға нарқы бақылауда болса…

Баға нарқы бақылауда болса…

Аудан тұрғындарының негізгі күнкөрісі қолындағы жантығы дейміз. Алайда сол  малды қолға ұстап бағу жасыратыны жоқ, ауыл тұрғындары үшін жылдан-жылға қиындап барады.

Жем-шөбін дайындап, қолдағы  төрт түлігін қыстан аман алып шығу әсіресе кірісі аз отбасыларға, аз қамтылған қарапайым адамдарға өте қиын соғатыны белгілі. Оның үстіне қазіргі таңда мал еті өте арзан бағаға өтіп жатыр. «Мал басын өсіргеннен  пайда шамалы» деген тұрғындар тарапынан айтылып жүрген сөз құлаққа жиі шалынып жатады.

 

Шөп құны шарықтап тұр

 

Айталық, өткен жылы бір тіркеме шөптің бағасы 18-20 мың теңге арлығында болған болса, биыл  шөптің бағасы бірден 5 мың теңгеге жоғары-лап, 25 мыңнан бір-ақ шықты. Тіпті оданда өсіріп, бір тіркемені 27 мың теңгеден сатқандар да табылды.

Әкелген шөптің көлемі бағасына сай келмей жатады. Бұған шөп сатушылар болса  «Әр тіркеме шөптің  құны осы деңгейден төмен болса шөпті дайындау шығындары өтелмейді» деген уәжді алға тартады.  «Былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледі» деген сөз осыған саяды. Мал азығын дайындаушылар өз жағдайын қамдауды көздейтіні белгілі. Басқаны айтпағанның өзінде күнкөрісі төмен жандар қолындағы малын азықпен

қалай қамтымақ. Оның үстіне биыл шөп шауып, оны тасымалдау жұмыстарын аудан орталығы Қаратөбе ауылының  шаруа қожалықтары

өткен жылдарға қарағанда кешірек бастады.

Аудан орталығында жаз бойы бір тал шөп алмай отырған тұрғындар мал азығын сатып алуға күні кеше, қыркүйек айының аяғы мен қазан айының басында ғана қамдана бастады. Ал қаражат кірісі өте аз отбасыларды қолдағы бар малдарын қыстан алып шығу мәселесі едәуір әлекке салатыны айпаса да түсінікті. Алдағы жылы  мал азығын дайындау биылғы жылдағыдан да қиындамайтынына кім кепіл?! Келесі жылы бір тіркеме  шөптің бағасы шарықтап 30 мың теңгеден бір-ақ шықса, қазіргіден де бетер қиындық болары сөзсіз.

Бағаны тұрақтандыру саясатына сай бұрындары тиісті орындар жаппай жұмыстар жүргізуші еді. Шаруа қожалықтары мен жергілікті атқарушы билік орындары арасында жергілікті халықтың жағдайын ойластыру мақсатында бағаға байланысты өзара келісім шаралары ұйымдастырылып, мәселе оңтайлы шешілетін.

Қазір баға нарқы шөп сататын қожалықтардың құзырында сынды. Жыл сайын мал азығының құнын еселеп көтереді. Халықтың жағдайын ойлап, басын ауыртып жүрген олар жоқ. Бақылауға алып, бағаны аспандатпауға ықпал жасайтын тиісті орындардың жұмысының мардымсыздығы ма? Әлде олардың ықпалының жоқтығы ма? Әйтеуір шөп сатушылар қандай бағаны белгілесе,  сол бағаны ұстанып отырады.

Екінші  бір көкейкесті мәселе – малдың жемі. Оның да бағасы шөптің бағасы сияқты шарықтайтын болса, онда тұрғындар үшін мал азығын дайындаудың жағдайы не болмақ? Мал азығы жемнің түріне, салмағына қарай аудан орталығындағы сауда орындарында,  мысалы: «Ербол» дүкенінде Ақтөбе облысынан әкелінген салмағы 25 келі бір қапшық арпаның бағасы 1700 теңге, салмағы 25 келі бір қап қара бидайдың құны

1700 теңге, «Гүлрайхан» дүкенінде салмағы 33 келі болатын арпа мен қара бидайдың әр қапшығы 2200 теңгеден сатылуда.  Сонда  «Ербол» дүкеніндегі  бір келі қара бидай мен арпаның бағасы 68 теңгені құраса, «Гүлрайхан» дүкеніндегі арпа мен қара бидайдың әр келісінің бағасы 66,7 теңгені

құрап отыр.

–  Жемнің  түрлерін  Ақтөбеден әкелдім. Ақтөбеліктер жем түрлерін көршілес  Ресейдің Орынбор облысынан тасымалдайды. Ақтөбеден арпа мен қара бидайдың бір қапшығын 1500 теңгеден сатып алып, әр қапшығына   200 теңге ғана қосып 1700  теңгеден саудаға шығарып отырмын.

Бұл баға ауыл тұрғындары үшін қолжетімді баға деп ойлаймын, — дейді    аудан орталығындағы «Ербол» дүкенінің иесі, жеке кәсіпкер Гүлнар Мұсаева.

Тұрғындар жем түрлерінің бағасына қарайды да,  оның салмағына мән бере қоймайтын сынды. Көпшілік ретте тұтынушылар өз құқықтарын пайдалана қоймайды. Бір қап жемнің салмағын өлшетіп, сатып алып жатқан тұтынушыны кездестірмедік.

Ертеректе аудан кеңшар-лары жаппай егіс салған кездерде бұндай қиыншылықтардың бірі де болған жоқ. Қазір аудан аумағында егіс салатын бірде-бір шаруа қожалығы жоқ. Қолы жеткендері облыстың  егіс салатын алқаптары бар қала маңындағы аудандар төңірегіне барып егістік алқаптарына дәнді дақылдар егеді. Бірақ олардан аудан тұрғындарына келетін пайда жоқ.

Шөптің бағасының шарықтауы, мал өнімі – сүтті айтпағанның өзінде малдың етінің арзан бағаға өтуі тұрғындарды ойландырмай қоймайды. Сайып келгенде, «Мал ұстаудың қандай пайдасы бар? Тиімділігі қаншалықты?» деген сауалдар туындайтыны сөзсіз.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев ауылшаруашы-лығы саласын өркендету мәселесін ең басты міндеттердің бірі деп, жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған  дәстүрлі  Жолдауларында нақты тапсырмалар беріп

келеді.

Ауыл шаруашылығын өркендету, ауыл халқының жағдайын арттыру – басты мәселе. Жоғарыда айтылған-дармен бірге тұрғындардың малды ұстап, оның жүні мен терісінің пайдасын көрмеуі қиындық туғызып жүр. Қазір ең қажет деп есептелетін ауыл тұрғындарының көкейін тескен бұл мәселе қоғамды ойландыруы тиіс.

 

Аққозылықтардың игі ісі өзгелерге үлгі

 

Басқа елді мекендерді айтпағанның өзінде, аудан орталығында қой қырқатын, жүн қабылдайтын пункт ашылып, ол халыққа қызмет көрсетсе әңгіменің арқауы етіп отырған түйінді мәселе шешімін табар еді. Осындай өзекті мәселені шешу жолында игі істі қолға алған Аққозы ауылдық округіндегі Серікқали Нұрәділов жетекшілік ететін  «Аққозы» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің  ауыл халқына көрсетіп отырған қызметі құптарлық.

Жұмысын өткен жылдың мамыр айынан бастаған аталмыш кооперативтің жетекшісі Серікқали Нұрәділовтың айтуынша, кооперативтің қой қырқу орынында әуел баста ашылған  жылы 4000-ға жуық қой қырқылса, үстіміздегі жылдың осы кезеңіне дейін тағы да 4000-дай  қой қырқылыпты. Жыл жарымға жуық уақыт ішінде қой қырқу орнында 6 тонна жүн жиналып, престелген.  Кооператив қырқылып, престелген жүннің әр келісін 50 теңгеден Ресейге, облыс орталығы Орал қаласына жөнелтіп отырады. Кооператив құрамындағы 65 отбасының  жеке меншігіндегі қойлары тегін қырқылған.  Ірі-қара малдары  ауылдан тысқары жерде 1 желтоқсанға дейін   бағымда болмақ. Бағымда 500-ге тарта ірі-қара болса, оның 300-і аналық мал екен. Кооператив малды асылдандыру бағытынында  қазақтың ақ бас сиыры тұқымынан 10 асыл тұқымды  бұқа сатып алған.

Округтегі екі шаруа қожалығы ақысын төлеп, қойларын осы қой қырқу орнына әкеліп қырықтырады екен. Кооперативке маусымдық жұмыстар кезінде 10 шақты адам жұмысқа тартылады. Олардың қатарында қой қырқушылар, қайрақшылар тағы да басқа жұмысшылар бар. Тұрақты түрде коопера-тивте 3 адам қызмет жасайды. Сонымен қатар кооператив

жеке сектордан жүннің әр келісін 15-20 теңгеден қабыл-дап отыр.

Ол тек бір ғана округте. Ауданның басқа округтерінде бұндай  қой қырқу орындары жоқ.

Кеңестік дәуірде мемлекет тарапынан малдың жүнін, терісін қабылдайтын дайындау конторы жұмыс жасады. Ол кезде халық малдың жүні мен терісін тапсырып ақшасын алатын. Тіпті қағаз қалдықтары мен сүйек қабылдайтын арнайы орындар да болды. Қазір қаншама тері, қапшық-қапшық жүн далаға лақтырылып, пайдаланылмай, қоқыс төгілетін полигонға шығарылып жатыр.

Мал шаруашылығына қатысты мәселелерді былай қойғанда, шыныдан жасалған ыдыстар – шөлмектер мен банкілерді қабылдайтын арнайы дүкен болды. Қазір көше бойында арақ-шараптың, сыраның бос бөтелкелері көзге түседі. Оны бәзбіреулер сындырып, айналаның бүлініп жатқанын кездестіріп жатамыз. Егер қабылдау пункті болса, шөлмектер көшеде шашылып жатпас еді.

Мемлекеттің құндылығы – адам. Ал, адамның тұрмысын жақсарту басты мәселе десек, ауыл тұрғындарының жағдайын көтеру мақсатында олардың қолындағы малын, малдан алынған өнімдерін пайдаға асыру үшін қазіргітаңда ауыл тұрғындарына ең қажетті саналып отырған шикізаттарды қабылдайтын пункттер ашу мәселесіне жергілікті тиісті орындар ықпал жасаса деген тілек бар. Аққозылықтардан басқа округтер де үлгі алып, кооперативке бірігіп, қой қырқу орнын ашып қарекет етсе.

Бұл өзекті мәселеден шығатын түйін: туған жерден шыққан елжанды, ауқатты азаматтар кооператив құру немесе     кәсіп  ашуды қолға  алып  іскерлік танытса, тұрғындар үшін тиімді,  жалпы қоршаған орта

тазалығының сақталуына да зор ықпалы болар еді.

 

 

 

Ерболат РАЙСОВ,

  Қазақстан Журналистер

одағының  мүшесі

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.