6.11.2018, 19:04
Қараулар: 183
Тұрмыстық қалдықтармен жұмыс – күн талабы

Тұрмыстық қалдықтармен жұмыс – күн талабы

Бүгін Қаратөбе ауданында қалдықтарды бөлшектеп жинақтау, қайта өңдеу және көгалдандыру жұмыстары туралы жиын өтті. Аудан әкімі Жанат Асантаевтың төрағалығымен өткен кеңеске БҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Амангелді Дәулетжанов қатысты.

Алқалы басқосуда алдымен облыс аумағында тұрмыстық қалдықтарды басқару және көгалдандыру тақырыбында дайындалған бейнеүзік көрсетілді.

Өзекті экологиялық мәселелердің қатарына кіретін қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару және көгалдандыру аясында ауданда жүргізілген жұмыстар турасында аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айдос Әмірғали баяндап берді.

– Қазіргі уақытта өзекті мәселелердің бірі қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинауды ұйымдастыру. Бұл бағытта  биылғы жылы   аудан бойынша барлығы 34 дана пластик құтыларды жинауға арналған  және 45 дана қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлер алынды. Алынған контейнерлер арнайы белгіленген  орындарға қойылды. Сонымен қатар былтырғы жылы сынапқұрамды шамдар мен құрылғыларды жинайтын 2 дана контейнер алынып Мұхит, Датұлы көшелеріне орнатылды.  22 жерге қонтейнерлер қоятын арнайы орын әзірленді. Ендігі жерде ауыл тұрғындарын осы арнайы контейнерлерді қолдануға шақыру бағытында ауылдық округ әкімшілігімен  барлық мекемелер бірлесе жұмыстанудамыз, — деген Айдос Орынбайұлы абаттандыру жұмыстары бойынша «Бүкіл қазақстандық орман отырғызу күні», «Таза орман!», «Таза жағалау», «Ағаш отырғыз, тамырыңды тереңге жай» сынды экологиялық акциялардың аудан көлемінде жоғары деңгейде өткізілгенін атап өтті.

Кезегінде сөз сөйлеген Батыс Қазақстан облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Амангелді Дәулетжанов:

– Экология мәселесі Елбасы Жолдауларында да көтерілген өзекті тақырып. Көгалдандыру шаралары бойынша елімізде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Аудандарыңызда игі істер көптеп жүзеге асқандығына куәміз.

Табиғатымызды ластап алмау, ауылды таза ұстау бағытында ел болып, қоғам болып ұдайы жұмыстар жүргізуіміз керек, — деді.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша мінберге көтерілген Батыс Қазақстан облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының табиғат қорғау шаралары бөлімінің басшысы Айсұлу Абдрахманова тұрмыстық қалдықтарды, соның ішінде, жарамсыз дөңгелектерді, пластик құтыларды, қағаз қалдықтарын жинап, арнайы қабылдайтын орынға тапсыру жөнінде кеңес берді. Қоршаған ортаны қорғауға жастар мен балаларды тарту бағытында кешенді шаралар ұйымдастыру қажетілігі айтылды.

Кеңесті қорытындылаған аудан әкімі Жанат Асылханұлы талқыланған мәселенің өзектілігіне тоқталып өтті. Тұрмыстық қалдықтарды арайы орындарға апару, елді мекендерді көгалдандыру мақсатында жүйелі жұмыс жүргізуге шақырды.

 

Серікбай ХАСАНОВ,

Қаратөбе ауданы

 

 

 

 

 

 

 

 

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.