7.11.2018, 9:28
Қараулар: 6
Өнерге әркімнің-ақ бар таласы

Өнерге әркімнің-ақ бар таласы

Сонау ғасырлардан бері келе жатқан күйшілік өнер – халқымыздың аса бай мәдени мұраларының бірі.  Қазақтың қара домбырасының шанағынан төгілген қоңыр күй атадан балаға мирас болып қалған аманаты. Сонымен қатар күй – қазақтың жансерігі, мұңдасы, сырласы.

 

Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтың «Жалпы музыка атаулы нәрсе елдің сезім байлығы мен ішкі жаратылыс қалпын білдіретін болса, солардың ішіндегі ең толғаулы, ең терең сырлысы – күй!» — деген ойтолғамынан-ақ күй құдіретін көруге болады. Осынау жауапты да, дәстүрлі күйшілік өнермен аталарынан дәулескер атанған ешкім болмаса да, асыл өнердің жолында жүрген жігерлі, таланты жас күй орындаушының бірі –Қайрат Байғұтты.

Қайрат алты жасынан бастап домбыра тартуды әкесі Абайдан үйренеді. Жастайынан өнерді жаны сүйген жас талант иесі 2012 жылы Қаратөбе балалар саз мектебінің домбыра класына қабылданады. Оған Самат Макарұлы ұстаздық етіп, күй орындаушылық шеберлігін шыңдай түседі.

Жас өнерпазымыз балалар саз мектебінде оқып жүргенінде «Аманат», «Ақбақай» триосы, «Серпін» ансамблінің мүшесіде болды. Өнер мектебін күй ойнаудың түрлі тәсілін терең меңгеріп үстіміздегі жылы үздік тәмамдайды.

–  Жас күй орындаушының өнерге деген ынтасы жоғары. Шәкірттерімнің ішінде өнерге деген зор құлшынысы, өзгеше өрнегі, бөлек бітімі бар Қайрат болды.

Қайраттың орындаушылығында жаттанды нәрсе жоқ, сезіммен, өзі де сол күйдің кейіпкеріне айналып жеткізеді. Ол әр шығарманы кең көсіліп, иін қандыра орындайды. Домбырасының үнін бірден танып, перне дыбыстарына, күй тақырыбына, мазмұнына қарай айтпақ ойды дәл жеткізуге тырысады.

Ал, Қайраттың орындаушылық шеберлігіне келсек, оның екі қолы да бірдей аса кербездікпен сұлу қимылдайды. Мен оның күйді орындаудағы шеберлігіне тәнтімін, — дейді ұстазы Самат Акимов.

Бала жастан дәстүрлі күй өнеріне мейлінше сусындап өскен Қайрат Абайұлы атадан келе жатқан арқалы өнердің қыр-сырын меңгеріп, талай додаларда жүзден жүйрік атанып үлгерген.

Аудандық, обылыстық, республикалық және халықаралық байқаулардың жүлдегері, жас күйші Қайрат Абайұлы көбіне Құрманғазы Сағырбайұлының «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын», «Серпер», «Төремұрат» басқада күйлерін және Дәулеткерей Шығайұлының, Нұрғиса Тілендиевтің күйлерін орындағанды жаны сүйеді.

Жас өнерпаз қазіргі таңда М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың мәдениет және өнер факултетінің «Дәстүрлі музыка өнері» мамандығының І курс студенті.

­­Ұлттық мәдениетіміздің дамуына тамшыдай үлес ­­­­­­­­– қосу әр азаматтың ұлт алдындағы парызы. Ұлық өнерге құлаш ұрып, ұлт өнерін ұлықтар Қайрат Байғұттының өнері үстем болсын демекпіз.

 

 

Райымбек АБАЙ,

Қаратөбе ауданы

 

 

Қайрат Байғұттының жетістіктері

 

 

– 2014 жылы аудандық және обылыстық «Балдәурен » байқауының бас  жүлдегері;

– 2015 жылы  49-шы обылыстық  жас  музиканттар байқауынан жүлделі  III орын иегері;

– 2015 жылы Астана қаласында өткен  ІХ Халықаралық  «Ақ көгершін» байқауынан II орын иегері және лауреаты;

– 2016 жылы Алматы қаласында өткен  IY Республикалық «Тайжарыс » байқауында «Аспаптық орындау » жанры бойынша  бас жүлдегері;

– 2017 жылы Семей қаласында өткен  республикалық  «Ақберен» байқауында II орын иегері;

– 2017 жылы Алматы қаласында өткен республикалық  «Күншуақ» байқауында ансамбльдік орындаумен II орын, трио орындаумен І орын иегері;