7.11.2018, 9:45
Қараулар: 152
Бағбан болсаң бақ өсір…

Бағбан болсаң бақ өсір…

         Еңбек – түбі береке.  Еңбек адамның табиғи жетістігі болып табылады. Бүгінде талмай еңбек етіп, жемісін көріп отырған жандар қаншама. Солардың бірі шалғай ауылда тұратын Жомартовтар отбасы адал еңбектің наны тәтті екенін жақсы біледі.  Өзге ауыдастарына да өнеге болып жүр.         

         «Жатқанға жан жуымас» деген қағиданы ұстанған Төлен ауылының тұрғыны «Еркебай» шаруа қожалығының жетекшісі Мұхтар Жомартов тек қана мал шаруашылығымен айналысып қана қоймай, бау-бақша өсіріп, тұқымдық ағаштар еккен.

 

Алғаш 1993 жылы шаруа қожалығын құрған кезде Мұхтар тек қана 500 гектар жер алып, 4-5 жыл бау-бақша егумен айналысып, алынған өнімді өткізіп, азын-аулақ пайда да тапқан. Тапқан табысына біртіндеп жылқы,  ірі қара, қой-ешкі малдарын сатып ала бастады. Жасалған адал еңбектің арқасында жылдан-жылға шаруашылық аясы кеңейіп, ірілене берді. 2003 жылы шаруа қожалығы аяғынан нық тұрып, Төлен ауылының шетінен 1-2 шақырым қашықтықтан жаңадан үй және мал қорасын салады. Өз күшімен бірнеше бағана орнатып, жаңа үйге электр желісін тартып та алды.

2004 жылы жаңадан салынған үйдің қасына 0,5 гектар жерге 20 түп алма, 5 түп жүзім және бірнеше түп шие, қара өрік ағаштарын егіп, айналасын тормен қоршап, бақтың ішінен құдық қазып, талдарды суаратын арнайы су айдағыш құрылғы орнатыпты. Содан бері тыңғылықты күтімнің арқасында жыл сайын алма, қара өрік, шие ағаштары тұрақты түрде өнім беріп, шаруашылық мүшелерінің қысқы азығын толықтыра түсуде.

Алма ағаштарының бірден-бір бағбаны шаңырақтың отанасы – Нұрсұлу Жомартова. Қазірде зейнет жасындағы Нұрсұлу апа өз өмірін осы жеміс ағаштарымен байланыстырған.

–  Алма ағаштарын ұлым Мұхтар еккен болатын. Ал, оны баптап өсірген – өзім. Алма ағаштары үлкен күтімді қажет етеді. Таңертең сағат алтыда тұрамын. Сөйтіп, күнделікті жұмысым ағаштарды тексеруден басталады. Ондағы мақсат – сынғанын, құрт түскенін анықтау. Жеміс ағаштарының «жауы» – құрт қой. Сондықтан, барынша құрттан аман сақтауға тырыстым. Ағашты суаруда көп еңбекті қажет етеді. Бастапқы әзірде құдықтан шелектеп су тартып суаратынмын. Күнініе жүзге жуық шелек су құйылатын. Ол қиындықтан да өттік.

Бұл алма ағаштары – менің жанымның емі. Қан қысымым төмендеп облыстық ауруханаға жатып шыққан едім. Балаларым ауыл шалғай болған соң, қалада болғаның дұрыс деген. Алайда, қалада ұзақ жата алмадым. Ауылда менің өз емім бар. Ол – осы ағаштар. Күнделікті соларға күтіп жасап, жемісін көрсем – мен үшін жан рахаты осы, — дейді Нұрсұлу апа.

 

Бақ өнімін отбасы игілігіне айналдырып, табиғат берген сыйдың қадірін ұғынуды, қай іске болсын жанын сала кіріссе қайтарымы болатындығын балаларына айтудан жалықпаған төлендік бағбан Жер ананың қадірін жақсы біледі, өзгелерден артық сезінеді.

«Бағбан болсаң бақ өсір, балама деп тағы өсір» деген нақылды өмірлік ұран еткенанамыздың бағында жазғы жемістерден басқа, қыстық алмалар да өседі.

Даналардан шыққан «Ең бақытты адам – бос уақыты жоқ адам» деген сөз бар. Сол сөз осы отбасына арнап айтылғандай. Бағбандықтың қыр-сырын жақсы меңгерген Нұрсұлу ападан осы жемістердің жайқалтып өсірудегі құпиясын сұрадық. Оның ешқандай құпиясы жоқ екендігін, тек аянбай еңбек ету керектігін айтты. Өйткені, алма жемісін егіп, одан бақ жасау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Соның арқасында келешекте нәтижесін көресің.

Қазіргі заман жалқаулықты көтермейді. Осыншама еткен еңбектің, төккен тердің арқасында жайнаған бақтың өз қонақтары бар. Олар – ауыл тұрғындары, балалар. Алма бағы әр жылда әр түрлі өнім береді. Нұрсұлу апаның айтуынша, былтырғы жылы бір тоннаға жуық өнім алған. Алынған өнімді сатуға шығармай, алыстағы балаларына, ауыл тұрғындарына береді екен. Ал, оның себебін адал еңбектің  сатылмайтындығымен түсіндіреді.

 

Ажаргүл ӘЛИЕВА,

«Қаратөбе өңірі»

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.