8.11.2018, 9:59
Қараулар: 9
Гүл баптау да бір ғанимет

Гүл баптау да бір ғанимет

Гүл отырғызу қоршаған ортаға ерекше сән береді. Ал үй ішінде өсетін бөлме гүлдерін егу ол тек бөлмеге көрік беріп қана қоймайды, бөлме ауасының тазаруына, адамның тынығуына септігі тиіп, көңіл күйінің көтеріңкі болуына үлкен ықпал жасайтыны белгілі.

 

 

Қазір Қаратөбе өңірінде үй жағдайында өсетін сан алуан гүлдерді отырғызушылар саны көбейіп келеді.

Солардың бірі аудан орталығы Қаратөбе ауылында тұратын,  бөлме гүлдерін өсірудің хас шебері танылған  Валиева Әсия апамыз.

Әсия Шамелқызының гүл өсіріп оны баптауға деген құштарлығы  мектепте оқып жүрген кезінен бастау алса керек.

Сол уақыттан бері Әсия апай  ұзақ жылдар ішінде бөлме гүлдерінің 30-дан астам түрін егіп, оны баптап, көбейту бағытында  еңбектеніп келеді. Осы жылдар ішінде Әсия апай раушан, жүзжылдық, қазтамақ, фикус, кактус, фиалка, әйел бақыты, шырмауық және тағы да басқа көптеген бөлме гүлдерін  отырғызған.

Әсия апайдың баптап өсірген гүлдеріне  ауылдастары әркез қызығушылық танытса керек. «Гүл өсіріп бершіңізші» деушілер де көп болыпты.

Еңбекқор ата-анасының тәлім-тәрбиесін көріп өсіп, қандай болсын қиындықтан мойымаған еңбексүйгіш жан Әсия Шәмелқызы бөлме гүлдерінің түрін өсірумен қатар, тұрып жатырған пәтері бірнеше отбасы мекендейтін екі қабатты үй бола тұрса да, үй сыртындағы шарбағынан орын тауып  оған жүзім, шие, өрік, алма ағашын және  құлпынай егіпті. Шие, өрік, алма ағашын тұқымнан өсірген. Оған 5-6 жылдай уақыт өтіпті. Еңбегі зая кептей, тұқымнан  егілген жеміс ағаштары  қазір едәуір өсіп қалыпты.

– Қазір үйімде үш-ақ гүлдің ғана түрі қалды. Оның ішінде өзіме көбірек ұнағаны «Әйел бақыты»   гүлі болды.  Ұзын жапырақты аталмыш гүл көтемде бір рет  гүлдейді. Бір ғана  ақ түсті гүл шығады.

Өсірген гүлдерімінің көбін  әр жылдары туған күндерге сыйға тарту еттім. Бірқатарын сыйласып, араласып жүрген ағайын-туыс,  дос-жарандарға бердім.

2013 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін Қаратөбе мектеп-гимназиясында  қызмет жасаған кезімде гүл өсіруге көп көңіл бөлдім. Мектепке арнап гүл түрлері мен олардың санын көбейттім.

Гүл айналаны көріктендіреді. Ауаны қалыпты жағдайда ұстайды. Гүлді баптап оны өсіру үшін оған үлкен мән берген жөн. Адам қандай да болсын  қолға алаған ісінің нәтижесін көруі үшін оған деген қызығушылығын  жоғары деңгейде ұстауы тиіс. Біз көбіне гүл өскіндерін  ауылдағы таныстарымыздан  аламыз.  Сондықтан кейбірінің атын білмей қалатынымыз да бар. Негізі гүлді  арнайы гүл сататын орындардан алған жөн. Онда гүлдердің атауы жазылады. Қандай гүл отырғанымыз белгілі болады, —  дейді біздің бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері, гүл өсіруші қаратөбелік Әсия Валиева.

 

                                                                                   Ерболат  РАЙСОВ,

                                                                                   «Қаратөбе  өңірі»