10.11.2018, 10:12
Қараулар: 2
Жігерлі жастар жұмысқа әзір

Жігерлі жастар жұмысқа әзір

Елбасы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынамын» деген болатын.

 

 

Мағжан Жұмабаев атамыз «Мен жастарға сенемін!» деп айтқандай Елбасымыз жастарға зор сенімін білдірді. Бұл біз секілді жастарға үлкен серпіліс тудырады. Осы арқылы жастар өз кезегінде елдің өркендеу жолында еселі еңбек етіп, жасампаз істерді қолға алады деп есептеймін.

Жастар мен жастар ұйымдарын қолдау және дамыту үшін қызмет көрсететін аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық ортылығының жұмысы бір ізділікпен қарқынды жүріп келеді. Орталық құрылғаннан бері жастардың мәселесімен қатар түрлі қоғамдық шараларға бастамашы болып, ілкімді істер атқарып келеді. Аталмыш орталық үстіміздегі жылы да бірқатар игі бастамаларды жүзеге асырды.

Атап айтар болсақ жастар орталығының ұйымдастыруымен киелі жер саналатын Құныскерей үңгіріне QR-код тақтайша орнатылды. Бұл жерге келген әрбір адам смартфонмен арнайы енгізілген арнайы кодты сканерлеу арқылы Құныскерей үңгірі туралы толықтай ақпаратты ала алады. Айта кетерлігі, бұл – Батыс Қазақстан облысы бойынша киелі орындарға қойылған алғашқы QR-коды бар тақтайша.

Жастар арасында достық қарым-қатынасты дамыту бағытында Қаратөбе және Сырым аудандарының шекарасында, Бұлдырты өзенінің жағасында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Достығымыз жарасқан!» реалити форумы өтті. Оған қос ауданның салалар бойынша үздік, қоғамдық қызметте белсенді жастары қатысып, бас қосқан болатын.

Жастардың жадынан қазіргі өмір салтына байланысты көмескі тартып бара жатқан салт-дәстүрді ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған ғибратты шара қос аудан жастарының ойларына сілкініс, саналарына серпіліс әкелгені сөзсіз.

Осы орайда Көршілес Сырым ауданының белсенді жастары мен ауданымыздың жігерлі жастарының басын біріктірген  Егіндікөл ауылдық округіне «Менің өлкем!» атты тарихи-танымдық экспедициясымен экспедиция жұмысы өткізілді. Экспедиция мүшелері қойнауына талай сырды сақтап жатқан тарихи орын Құныскерей үңгірінің тарихымен танысуға мүмкіндік алды.

«Мұхит жастары»  жастар қоғамдық бірлестігі ауданымыздың 90 жылдық мерейтойы аясында өткізілген «Жомарт жүрек» меценаттар форумында «Жылдың үздік ұйымы» аталымымен марапатталған болатын.

Бұның өзі өңіріміздің қоғамдық өмірінде жастар белсенділігінің жоғары екендігінің бір дәлелі.

Жастар орталығы жыл сайынғы үрдіс бойынша қоңыр күздің алғашқы сатысы қазан-қараша айларында қайырымдылық жасауды ізгі бастама ретінде қолға алған болатын-ды.

Орталықтың басты назарға алып отырған жобасы – қазыналы қарттарға, жалғызілікті аналарға, мұқтаж жандарға қол ұшын беру. Әдетте қайырымыдылықты көпшілік адам заттай, ақшалай көмектесу, азық-түлік алып беру деп те түсінуі мүмкін. Әрине ол да дұрыс. Алайда, қайырымдылықтын негізгі өлшемі бұл емес. Қайырымдылық ол – қамкөңіл адамға жылы сөз айту, жалғыз басты мемлекет қамқорлығындағы адамдарға көмек көрсету,  үй-жайларын қол күшімен ретке келтіру, қысқы отын суын даярлау секілді адами көмек көрсету ұғымдарын да қамтиды.

«Қайырымдылық жаса – қайырымын өзің көресің» деген берік қағиданы жолбасшы ретінде ұстанған жастар үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету арқылы үлкеннің де, кішінің де үлкен алғысына бөленгенді құп көреді.

Жастар қайырымдылық жасауды әсте естен шығарған емес. Аудан орталығында ғана емес, округтерде де белсенді жастардың ұйымдастыруымен «Мейірбандылық айлығына» байланысты шаралар ұдайы өтіп келеді. Осы жылы Саралжын ауылдық округінен бастау алған қайырымдылық көші Егіндікөл, Көскөл, Жусандыой,  округтерінде де жалғасын табуда. Бұл орталық ұжымының алға қойған мақсаттарына нық сенім мен жұмысқа деген құлшынысты ізгілікпен ұштастыруға күш беретіндігі сөзссіз.

Жастар орталығының бұл қайырымдылық айлығына үлес қосудағы негізгі мақсаты – қайырымдылық жасауды жас ұрпақтың бойына сіңіру, қоғамның назарынан тыс қалған жандарға көмек қолын созу болып табылады.

Қайырымдылық жасауда құп көрген жастар ресурстық орталығы өткен жылдары да  қайырымдылық айлығына байланысты облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының алғыс хатымен де марапатталып,  демеушілік көрсеткені үшін де өзінің лайықты бағасын алып келеді.

Ендігі мақсатымыз қайырымдылықты тоқтатпай одан әрі жұмысты ілгерлетеміз деген ойдаймыз.

Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де білгір жастардың қолында. Қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші – жастар. Келер жылы Жастар жылы болып жарияланғандықтан бізді үлкен бетбұрыстар күтіп тұр.

 

 

Эльдар АМАНТАЕВ,

аудандық жастармен жұмыс жөніндегі

      ресурстық орталығының басшысы