15.11.2018, 18:45
Қараулар: 6
Жүзбен жарысып, мыңмен таласқан шәкірт!

Жүзбен жарысып, мыңмен таласқан шәкірт!

Білім мен тәрбие – адамның рухани жан азығы. Адам ақылымен көрікті. Бұл қанатты сөздерді бекерден-бекер айтпаса керек. Талай таланттарды ұясынан ұшырған Егіндікөл ЖОББМ дарынды шәкірттерге толы. Солардың бірі – аудандық «Қаратөбе өңірі» қоғамдық-саяси газетінің жас тілшісі Айбейханым Сердалина.

Өлең жазуды қолға алып, қаламын қиялына серік етіп жүрген Айбейханым бүгінде аудандық, облыстық байқауларда топ жарып жүр.  Тау биік көрінгенімен, оны бағындыру ақылы мен айласы қатар шапқан адам үшін оңайға түсері анық.  Болмысынан елгезек, жанына өлең жақын келген жас тілшіміз оқуда озық, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласады. Ақкөңіл мінезімен алғаш көрген адамның өзін баурап алатындай қасиеті бар. Айбейханым жақында мектебі мен отбасына тағы бір қуаныш сыйлады. 14 қараша күні Орал қаласында өткен облыстық «Әбіш оқулары» байқауының «зерделеу, жоба қорғау» бөлімі бойынша жас тілші үздік үштікке ілінді. 14 қатысушы қатысқан аламанда Айбейханым өз қарсыластарынан оза шауып, ІІІ орынды иеленді.

«Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, жас таланттың биіктерден көрінуіне септігін тигізіп, шәкіртінің қабілетін ашуда ұстаздары Альфия  Өтеғалиева мен Ақмарал Мұқанованың еңбегі зор.

Біз де мектеп абыройын асқақтатып, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген жас тілшіміздің биік тұғырлардан көрінуіне тілектеспіз. Қаламың ұшқыр, ойың дәл болсын, жас тілші!

 

Ажаргүл Әлиева,

Қаратөбе ауданы