22.11.2018, 17:04
Қараулар: 111
«Ашық әкімдікте»  тұрғындар өтініші тыңдалды

«Ашық әкімдікте»  тұрғындар өтініші тыңдалды

«Ашық әкімдік»  шарасы  21 қарашада  Саралжын, Аққозы, Қаракөл ауылдық  округтерінде жалғасты.

Аудан әкімі Жанат Асантаев пен аудан прокуроры Ғалымбек Мұхитов және аудандағы салалар басшылары тұрғындарды қабылдап, олардың өтініш-тілектерін тыңдады.

«Ашық әкімдік» әуелі Саралжын ауылдық округінен бастау алды. Бұл округтегі қабыдауда 10-нан астам ауыл тұрғыны өздерінің көкейлерінде жүрген өтініштерін жеткізді.

Аталмыш округте ең бірінші болып «Ашық әкімдік» қабылдауында болған ауыл тұрғыны Серікқали Уәледденов жер алу мәселесі бойынша сала мамандары  аудандық жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Арай Жақсығұлова мен аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрбол Бозовтан кеңес алса, қабылдауға келген ауыл тұрғындары Талшын Дүйсеғалиева, Айбарша Өтегенова, Халифа Искакова жұмысқа орналасу мәселесі,  Әбіл Сахипов мал басын өсіру мақсатында шағын несие алу туралы өтініштерін жеткізді.

Аққозы ауылындағы «Ашық әкімдік» шарасында  жеке шаруасымен келген адамдар мен қатар ауыл қамын назардан тыс қалдырмай жүретін ел ағалары да  қабылдауда болды.

Шағын ауылдың жағдайына алаңдаулы ауыл ақсақалы Қайыршақ Жұмағалиев ауыл тұрғындары үшін қажет-ақ ұялы телефон байланысын  жолға қою мәселесі туралы айтса, халық қалаулысы Қобыланды Жұмағалиев ауыл жастарының уақыттарын тиімді өткізуіне және ауыл адамдарының салауатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортты дамытуға оң ықпал ететін, бірден-бір қажеттілік  спорт алаңын салу жөнінде әңгіме өрбітті. Сонымен қатар, Қобыланды Бақытұлы ауыл көркіне сын келтіріп, қирағалы тұрған бұрынғы «Қазақтелеком» мекемесіне қарасты ғимаратты бұзып, пайдаға асатын  материалдарын қажеттіліктерге жаратып, орнын тегістеу жөнінде ұсыныс тастады.

Игі бастаманы қолға алып, ауыл тұрғындарының алғысына бөленіп жүрген «Аққозы» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінің жетекшісі Серікқали Нұрәділов жылдың көктем, күз айларында қиындық туғызатын халықтың көкейінде көптен жүрген  Жақсыбай өзеніне көпір салу мәселесіне алға тартты.

Ауыл жанашыры бұл бағытта жоспарлы жұмыстардың жүріп жатырғандығын айтып, жергілікті басшылар тарапынан қажетті құрылыс материалын алуға көмек болса деген ойын жеткізді.

Аудан басшысы Жанат Асантаев ауыл азаматының игі ісіне ризашылығын білдіріп, құрылыс материалдарын тасымалдауға көлік қарастыруды  аудандағы тиісті орындар басшыларына тапсырды.

Аудан әкімі  Жанат Асантаев  аталмыш кооператив басшысы Серікқали Нұрәділовке аудан орталығына және округтерге барып қой қырқу жұмыстарын ұйымдастыру жөнінде ой тастады.

2012 жылы құрылған «Отау-4» несие серіктестігінің төрағасы Жақсығали Кенжеғалиев  серіктестік бойынша шешімін таппай тұрған мәселе төңірегінде шағымданса, ауыл тұрғыны, жас маман Дина Әлібекова жұмысқа орналасу бойынша өтініш жасады.

Түс ауа Қаракөл ауылдық округіндегі өткен «Ашық әкімдікке»  келген  ауыл ақсақалы, ауылдық округтің ардагерлер ұйымының төрағасы Орынғали Дүйсенғалиев ауылдың тыныс-тіршілігі туралы әңгімелеп, ауыл тұрғындары үшін  маңызға ие көпірдің жөнделгеніне ауыл тұрғындары атынан үлкен ризашалық білдірді.

Ауыл тұрғыны Балхия Досжанова тұрғын үйінің жер актісіне қатысты және басқа да ауыл тұрғындары көкейлерінде жүрген өз өтініштеріне байланысты тиісті бөлім басшыларынан кеңестер алды.

Аталмыш шараға аудан әкімі аппаратының басшысы Нұрболат Тоғызбаев, аудан әкімі аппаратының мамандары, дербес бөлім басшылары қатысты.

 

                                                            

             Ерболат РАЙСОВ,

Қаратөбе ауданы

 

 

 

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.