23.11.2018, 10:00
Қараулар: 8
Жұмыр Қылыш зиратындағы экспедиция

Жұмыр Қылыш зиратындағы экспедиция

21 қараша күні облыстық тарихи-өлкетану  музейінің директоры Мирболат Ерсаев бастаған музей қызметкерлерінен құралған топ Сулыкөл ауылдық округіне қарасты Төлен ауылынан 15 шақырым жердегі Жұмыр Қылыш зиратының басында болды. Ондағы мақсат аталған зират жайында деректер мен дәйектер жинау.   

Алдымен экспедиция мүшелері ауыл іргесіндегі Шеруен ата (Ишан ата) басына тәу етіп, құран бағыштады.  М.Мералиев атындағы аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нұрлан Құмарұлы мен Үшана ауылының тұрғыны, ардагер ұстаз Аман Жүсіпқалиұлы қонақтарға жол бастады.

–   Жұмыр батыр Байторы руынан тараған. Байторы – Жайлау (Жұмыр, Сасық) – Жазық – Көшербай – Саттық.

Жазушы Н.Әбуталиевтің «Наркескен» атты тарихи романында Жұмырдың ерлігі баяндалады. Деректерге сүйенсек, Махамбеттің екінші әйелі Типан Кенжеғара руының қызы. Кенжеғара руы Төлен ауылының маңындағы Шолаққамыс  деген жерді мекендеген. Сол заманда Жәңгір ханның қуғынынан сағалап елге келген Махамбет батыр 4 айдан аса уақыт жұрт көзіне көрінбей Жұмыр Қылышты  паналаған.

Кетерінде Махамбет шолақ домбырасымен құрыш білекті, жұмырдай қайратты денесіне қарап Жұмыр Қылышқа ризашылығын білдіріп, оған арнаған «Жұмыр Қылыш» күйін тартып беріп, аттанып кеткен екен. Осыдан соң ел арасында Жұмыр Қылыш аталып кеткен.

Зират басындағы тас қолдан иленип, арасына қыл мен ағаш, күйдірілген тас салынған, — дейді зейнеткер-ұстаз Аман Жүсіпқалиұлы.

 

Айгөлек АНДИРОВА,

аудандық «Рухани жаңғыру» кеңсесі

 «Атамекен» кіші бағдарламасының менеджері