27.11.2018, 15:06
Қараулар: 92
            Еңбек майталмандары дәріптелген мереке  

            Еңбек майталмандары дәріптелген мереке  

           Жақында Орал қаласындағы  Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында өткен Ауылшаруашылығы саласы қызметкерлері күні мерекесіне арналған салтанатты шарада  сала үздіктері қатарынан көрінген «Қаратөбе» несие серіктестігі ЖШС басқарма төрағасы, Аққозы ауылдық округіндегі «Қоржын» шаруа қожалығының жетекшісі, облыстық мәслихат депутаты  Құсайын Мұқанов «Ауыл шаруашылығы саласының  үздігі» төсбелгісімен, Сулыкөл ауылдық округіндегі  «Құрмет» шаруа қожалығының жетекшісі Бірімжан Ақдөңов Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Құсайын Мұқанов 1998 жылы «Қоржын» шаруа қожалығын құрып,  шаруашылыққа жетекшілік етіп келеді.

Шаруашылық мал өсірумен,  соның ішінде асыл тұқымды ірі қара, жылқы малдарын өсірумен айналысады. Мемлекеттік «Сыбаға», «Құлан» бағдарламалары бойынша шаруашылығында  мал басын көбейту бағытын жолға қойып малының сапалық құрамын арттырып, шаруашылығы қарқынды дамып келеді.  Ауданымызда алғашқылардың бірі болып мал сою цехын ашып,  ет өнімдерін шет елдерге шығарып, мемлекеттік тапсырыстарды орындауда.

Көп жылғы ауыл шаруашылығы саласындағы  ұйымдастырушылық, іскерлік қасиеттеріне сай «Қаратөбе» несие серіктестігі» ЖШС басқарма төрағасы болып сайланды.

Құсайын Ізімұлы қоғамдық өмірдегі жан жақты қызметі үшін 1999 жылы Қазақстан Республикасының «Ерен еңбегі үшін» медалімен  марапатталған. 2016 жылдан облыстық Мәслихат депутаты.

Бірімжан Құрметұлы әке жолын ұстанып, алғашқы еңбек жолын   шопанның көмекшісі болып бастады.

Ауыл шаруашылығы саласындағы көп жылғы елеулі еңбегі мен Қазақ ССР-ы Жоғарғы Кеңесінің «бес жылдық» тапсырмаларын орындаудағы жетістіктеріне орай Бірімжан Ақдөңовтың есімі ҚССР-нің «Алтын Құрмет» кітабына жазылған.

Ауыл шаруашылығын өркендетуге қосқан зор үлесі үшін Бірімжан Құрметұлы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен наградталды.

1997 жылы отбасымен «Құрмет» шаруа қожалығын құрды. Қазір «Құрмет» шаруа қожалығы аудан көлеміндегі қой малын асылдандырумен айналысатын  алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың бірі.

«Еңбек мұратқа жеткізеді»  демекші ауыл шаруашылығы саласының майталмандары Қ.Мұқанов пен Б.Ақдөңовке жоғары марапаттарды  облыс орталығында өткен салтанатты жиында Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірініші орынбасары  Игорь Стексов табыс етіпті.

 

    Ерболат РАЙСОВ,

                                                                     Қаратөбе ауданы

 

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.