29.11.2018, 11:16
Қараулар: 7
ҰЛТ РУХАНИЯТЫНА ТЫҢ СЕРПІН

ҰЛТ РУХАНИЯТЫНА ТЫҢ СЕРПІН

 Жансая НАЗАШОВА,

ауыл тұрғыны, зейнеткер ұстаз:      

 

Нұрсұлтан  Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын оқи отырып, қазақ халқының тарихы тереңнен басталып, қазіргі уақытпен астасып жатқандығына көзіміз жетті.

 «Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек», — деген болатын  Елбасы өз мақаласында.

Елбасы қазақ халқы тарихының жеті қырын саралай келіп, тәуелсіздік жылдарындағы «Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыра отырып, тарихи санамызды жаңғырту мақсатында «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауды ұсынды. Бұл жоба барсында тарихшылар, мәдениеттанушылар бабаларымыздың өмірі мен өркениеті жөнінде құнды деректерді зерттеу жұмысын жүргізуі тиіс екендігі көрсетілген.

Сонымен қатар «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашуды, «Дала фольклорының антологиясын» жасау керектігін айта отырып, өткен мың жылдықтағы  халық ауыз әдебиетінің үлгілері – ертегі, аңыз-қиссалары мен эпостары жинақталуы қажет екендігін атап өткен.

Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі бөлімінде кино өнерінің  ерекше орын алатыны, өскелең ұрпақтың талғамына сай балалар фильмдері мен мультипликациялық сериалдарды түсіру мәселесі орынды қозғалған.

Бұл аталған жобалар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы деп білемін. Бұл әсіресе жас ұрпақ үшін өте құнды бағдарлама, өйткені өз елінің тарихын жете білген оқушы жүрегінде Отанға деген мақтаныш пен сүйіспеншілік қалыптасады. Жас ұрпақтың көзі ашық, көкірегі ояу болмаса, мәңгүрт өмір сүру – қасірет.

Сондықтан жас ұрпақтың тарихи санасын жаңғырту бағытында жасалған жобалар ел тарихын, өткені мен болашағын айқындауға бағыт беретін бағдаршам іспетті деп ойлаймын.