4.12.2018, 16:24
Қараулар: 184
Ат ерттеу – ата салтымыз

Ат ерттеу – ата салтымыз

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында көрініс тапқан атқа міну мәдениетіне байланысты Қаратөбе аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушылары шәкірттерін атқа міну мен оны ерттеу ретін түсіндіріп, ат әбзелдерінің атауларымен таныстырды. 

Ат ұстаудың қыр-сырымен Қаратөбе аулының тұрғыны Тыныштық Мұхамбетияров оқушыларға кеңінен түсінік берді. Тыныштық ағамыз 30 жылдан астам уақыттан бері қолға ат ұстап келеді. Ол үнемі жастар мен балаларға жылқы түлігі, оның адамға пайдасы  жайында кеңінен насихаттап жүреді.

  • Жылқыны алдымен ерттемес бұрын оның басына жүген кигізіледі. Жүген салмай ерттей бастасаң тепсініп, сес көрсетіп ерттеуге мұрша бермейді. Мұнан соң, аттың арқасына терлік салынып, арқасына ер батпас үшін бірнеше тоқым төселеді. Бұл зат әдетте қазақы киізден немесе қалың матадан жасалады. Ер тайқымас үшін жона салынады. Бұл да қалың теріден арнайы дайындалады. Артынша аттың арқасына ер орналастырылады. Сол ерді бірінші бекіту үшін аттың төс тұсынан тартпа тартылып, іле-шала ер үстіне жастық (бөстек) төселеді. Сол жастықтың үстіне аттың шап тұсына қарай тағы бір тартпа тартылады. Сонымен қатар, ат әбзелдерінің қатарында құйысқан, қамшы, ноқта болады, — деп оқушыларға мол мағлұмат берген Тыныштық Мұхамбетияров ат ерттеуді жасөспірімдерге іс жүзінде көрсетіп берді.

Кездесу барысында аттың мінер жағы мен қамшылар жағы да әңгіме өзегіне айналды. Атқа мінетін, яғни, аттың сол жағын – «мінер жағы» дейді де, аттың келесі жағын, яғни аттың теріс жағын «қамшылар жағы» екендігі айтылды.

Атқа отырмастан бұрын тізгінді жалымен бірге жинап ұстау, тізгін бос болмауын қадағалау, сондай-ақ, аттың басын қатты тартпау қажеттілігіне тоқталды. Ерге жақын отырып, арқаны тік ұстап, құлап қалмас үшін тепе-теңдікті сақтап, тақымды берік қысу керектігі де ескертілді.

Атқа мінудің ерекшелігі турасында кеңес алған оқушылар ағаларына алғыстарын жеткізді.

Тоты ЕСҚАЙЫРОВА,

Қаратөбе ауданы

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.