14.12.2018, 18:34
Қараулар: 104
Қаратөбеде «Ақжол» автокемпингі ашылды

Қаратөбеде «Ақжол» автокемпингі ашылды

Тәуелсіздік күні мейрамына орай Қаратөбе ауданына қарасты Қоскөл ауылдық округінен 9 шақырым жерде, Орал-Ақтөбе күрежолының бойынан жаңадан бой көтерген «Ақжол» кешенінің салтанатты ашылуы өтті.

Жолаушыларға қызмет көрсетуге арналған автокемпинг кешенін Қоскөл ауылының тумасы, белгілі кәсіпкер Серікқали Аққобанұлының бастамасымен өз қаражаты есебінен 120 млн. теңгеге «Феруза» жеке кәсіпкерлігі салып отыр.

Келісті сәулетімен алыстан көз тартатын автокемпинг кешенінің ашылуына аудан әкімі Жанат Асантаев арнайы қатысып, ізіг тілегін жеткізді.

– Халқымыздың көне заманнан бері аңсаған арманы болған егемендігімізге қол жеткізгенімізге, міне, 27 жыл толып отыр. Мерейлі мерекелеріңізбен баршаңызыды құттықтаймын!

Өздеріңіз білетіндей, ауданымызда ағымдағы жылы жеке кәсіпкерлердің бастамасымен бірқатар жобалар жүзеге асырылып, ел игілігіне қажетті нысандар ашылуда. Соның бірі бүгін өзіміз куә болып отырған Қоскөл ауылдық округінде «Феруза» жеке кәсіпкерлігі автокемпинг ғимаратын тұрғызып отыр. Бұл сәулетті ғимараттың осы жерден бой көтеруі азаматтардың туған жерге деген сүйіспеншілігі мен жанашырлығының айқын бейнесі.

Бүгінгі автокемпингтің тұсаукесеріне жиналған ауыл тұрғындарына жаңадан ашылғалы отырған кәсіпкерлік нысаны құтты болсын, ел игілігіне жұмыс атқарар бастама болсын деген тілек білдіремін! — деді аудан басшысы.

«Ақжол» автокемпингінің ашылуында лента қию рәсімін аудан әкімі Жанат Асантаев пен «Жолымбет» шаруа қожалығының жетекшісі Аққобан Жолымбет жүргізді.

Игілікті шарада әжелеріміз тәттілерден шашу шашып, автокемпингтің ашылуына жиналған жұртшылық ғимараттың ішіне еніп, кешен жұмысымен танысты.

Жаңадан ашылған кәсіпкерлік нысаны екі қабаттан тұрады. Үстіңгі қабатында екі кісілік бес бөлмелі және сауна орналасқан люкс бір бөлмесі бар қонақ үй жолаушылардың тынығып, демалуына арналған. Қонақ үйде келушілерге барлық жағдай жасалған. Бөлмелерде салқындатқыш (кондиционер), душ кабинасы бар. Астыңғы қабатта 40 адамға арналған асхана, дүкен және сағатына 70 бөлке нан пісіретін наубайхана орналасқан.

Кешен қожайыны, «Феруза» жеке кәсіпкелігінің жетекшісі Адина Егізбайқызының айтуынша болашақта автокемпинг жанынан жанармай құю бекетін және аутокөлік жөндеу шеберханасын салу жоспарларында бар көрінеді. Жаңадан салынған кәсіпкерлік нысаны жергілікті тұрғындардан 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

 

 

 

 

 

 

 

 

Серікбай ХАСАНОВ,

Қаратөбе ауданы

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.