19.02.2019, 18:10
Қараулар: 9
Әке көрген оқ жонар  

Әке көрген оқ жонар  

 

Аудан орталығынан шалғай жатқан Сәуле ауылындағы Жақсыбай негізгі орта мектебінде бүгінде елжанды азаматтардың қамқорлығы арқасында бірнеше жұмыс жүзеге асты. 

2013 жылы Қаратөбе ауданының құрметті азаматы, ардагер журналист, өлкетанушы Қайыржан Хасанов атасы Төлеген Иманғазиевқа арнап ескерткіш тақта орнатты. Төлеген Иманғазиев бұл мектепте 1929-1938 жылдар аралығында мұғалім болып қызмет істеген. Қайыржан аға атасы туралы мұрағаттық құжаттарды өз қолымен жазып, мектепке табыстаса, сонымен бірге музыкалық аппаратты та сыйға тартты.

«Әке көрген оқ жонар» демекші, бүгінде журналистөлкетанушы ағамыз арамызда жоқ болса да, оның ісін артындағы балалары жалғап жүр.

Өткен жылдың тамыз айы Сәуле ауылы тұрғындары үшін қуанышқа толы болды. «Елге құрмет ету білімнен емес, мінезден» деп Әлихан Бөкейханов айтқандай, Қайыржан Хасановтың ұлы, жеке кәсіпкер Нұржан Хасановтың өнегелі ісі мектеп қуанышын еселеді.

Ол Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында Жақсыбай негізгі орта мектебіндегі «Ақбота» шағын орталығы тәрбиеленушілеріне арнап 1 млн. 600 мың теңгеге ойын алаңын салып берді. Осы алаңның ашылуында Қайыржан Хасановтың «Рухани жаңарған Қаратөбе» атты кітабының тұсаукесері өтті. Бұл Қайыржан ағамыздың Қаратөбе ауданының 90 жылдық мерейтойына арнап жазған соңғы кітабы болатын.

Ұлағатты әкеден өнегелі тәрбие алған Нұржан ініміз «1-сыныпқа сыйлық» науқанын қолдап, мектеп табалдырығын аттаған оқушыларға оқу-жазу құралдарын тарту етіп, балақайларды бір қуантты. Осы игі істің жалғасы ретінде балалардың рухани азық алып, ұлтжанды азамат болуға, білімдерін жан-жақты толықтыруға септігі тиер деген ниетпен республикалық «Балдырған» және «Ақжелкен» журналдарына бастауыш сынып оқушыларын 1 жылға өз демеушілігімен жаздырды.

Игі істер мұнымен аяқталмақ емес. Әке жолын жалғаған азаматтың мектебімізге қоршау орнату сынды әлі де жақсы жоспарлары бар.

 

Лида САРИЕВА,

Жақсыбай негізгі орта мектебінің директоры