20.02.2019, 10:38
Қараулар: 70
Оқырманмен байланыс басылым беделін көтереді

Оқырманмен байланыс басылым беделін көтереді

«Жайық Пресс» медиахолдингіне қарасты екі облыстық, 12 аудандық басылымның редакторлары Теректі ауданында өткен «Бас редакторлар клубының» ІІ көшпелі жиынында бас қосты. Келелі кеңесте атқарылған істерді қорытындылау, мерзімді басылымдардың мазмұны мен оқылымдылығын арттырып, қоғам талабына сай нәтижелі жұмыс ұйымдастыру жайы көтерілді. 

Бұқара мен билік арасындағы алтын көпір саналатын мерзімді басылым басшыларының кездесуінде алғаш болып сөз алған Теректі ауданы әкімі Әділ Жоламанов халық арасында қоғамдық дұрыс көзқарас қалыптастыру бағытында осындай мәжілістердің ұйымдастырылуы құптарлық екенін айтты. Жақсы жаңалықтардың жаршысы болып, елдегі атқарылып жатқан жұмыстарды жарқырата жариялап жүрген үнжарияларға жанжақты қолдау болатынын жеткізген Әділ Тауфиқұлы көшпелі мәжіліс жұмысына сәттілік тіледі.

«Бас редакторлар клубы» отырысының маңызы мен пікір алмасудың тиімділігіне тоқталған «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Рауан Сәбитов Астана қаласынан арнайы келген белгілі қаламгер, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының бас редакторы Қайнар Олжайға, Атырау облысы Индер аудандық «Дендер» газетінің бас редакторы Жанай Амантурлинге және шараның жоғары деңгейде өтуіне жағдай жасаған аудан әкімі Әділ Жоламановқа зор ризашылығын білдірді.

Жиында сөз алған «Теректі жаңалығы – Теректинская новь» газетінің бас редакторы Нұрзия Сисенбаева аудандық басылым тарихы мен онда жарияланған көңіл аударар көкейкесті тақырыптар турасында айтып, газетте көтерілген мәселелер атқарушы билік назарынан тыс қалмай, шешімін тауып жатқанына тоқталды.

«Жайық Пресс» медиахолдингі бас директорының бірінші орынбасары Нұрсұлтан Мықтыбай өткен жылдың қорытындысы бойынша есептік баяндама жасап, бірнеше мәселеге назар аударды. Былтыр медиахолдинг басшылығының бастамасымен барлық аудандарда өткізілген «Туған жер» этно-мәдени шарасының бұқара алдында басылымдардың беделін арттырудағы маңызы аталды. Осы жоба аясында жас тілшілерді жазу өнеріне баулу мақсатында ұйымдастырылған «Өрімтал» жас тілшілер байқауының маңызын, фестиваль жүлдегерлері мен газеттің жас тілшілерін мақала жазуға тарту мәселесі ақсап тұрғандығын айтып, аудандық газет редакторларына олармен тығыз байланыс орнатуға күш салу қажеттігін тапсырды. Сонымен қатар басшылық тарапынан берілген тапсырмаларға салғырттық танытпай, уақтылы әрі сапалы орындауға мән беру керектігін ескертті.

Басқосуда сөз алған медиахолдингтің аудандармен жұмыс бөлімі жетекшісі Тоқтар Кенжеғалиев газеттердің мазмұны мен сапасына тоқталды. Кейбір аудан­дық басылымдардың оқылымды материалдарды оқыр­манға ұтымды жеткізу әдісін үлгі ретін де ұсынды. Сын мақалалар мен ойтастар дүние­­лерді жиі жазып, оқырман қызығушылығын оятып, олардың да ой-пайымын жариялап оты­ру­дың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар мақала мазмұнынан хабар беретін тар­­тымды тақырып қою, сапалы су­рет беру, тілшілердің шығар­машылық әлеуетін көтеру жұмыстарына баса мән беруге шақырды.

Көшпелі мәжіліс қорытындысында сөз сөйлеген облыстық, аудандық басылым редакторлары мен «Дендер» газетінің бас редакторы Жанай Амантурлин пікірлерін ортаға салып, материалды ықшамды әрі нақты беру жайын айтты.

Отырыстан соң аудандық мәдениет үйінде белгілі публицист Қайнар Олжай шеберлік сыныбын өткізді. Түйгені мен білгені көп кәсіби маманнан дәріс алып, кеңес тыңдау кім- кімге де пайдалы екені анық. Журналистің стилі жазылған мақаласынан көріну керектігін, материал жазарда алдымен формасын айқындап алу, жазылған еңбекте салыстыру болса оқырманның тез қабылдауына әсері мол болатындығын айтқан Қайнар Қалиақпарұлы:

– Тілші оқырманға ойлы дүние ұсыну үшін көп ізденіп, көп оқуы керек. Бейнелі сөздерді біліп, тұрақты сөз тіркестерін орынды қолдануы қажет. Өкінішке қарай, бізде журналистер көп ізденбейтіні байқалып жатады. Тілші кез келген шараға дайындықпен барғаны жөн. Мақала жазуда сөйлемді дұрыс құрып, басы артық сөзді қолданбауға тырысыңыздар. Жазған мақалаңды қайталап оқып шығу маңызды. Тақырып мәтін ішінде жасырынып жатуы мүмкін, – деді.

Үш сағатқа созылған шеберлік сыныбында Қайнар Олжай мәтінді редакциялау, типтік қателерге жол бермеу, зат пен ұғымды шатастырмау, газетке халыққа қажетті пайдалы кеңестерді жариялап отыруды да естен шығармау керектігін мұқият тапсырды.

Медиахолдингке қарасты басылымдардың соңғы үш айда атқарған жұмыстары сараланған көшпелі мәжіліс гала-концертке жалғасты. Қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлаған сазды кеште сахна төріне көтерілген Теректі аудандық мәслихат хатшысы Әлжан Жақсыгерейұлы «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының бас редакторы Қайнар Олжайға, Индер аудандық «Дендер» газетінің бас редакторы Жанай Амантурлинге, «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Рауан Сәбитовке, бас директордың бірінші орынбасары Нұрсұлтан Мықтыбайға аудан әкімінің алғысхаттарын табыс етті. Шарада Рауан Сәбитұлы өткен жылдың қорытындысымен аудандық басылымдарды түрлі аталымдармен марапаттады.

Жоғары деңгейде ұйымдастырылған гала-концертте Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әншілері мен жергілікті көркемөнерпаздар көрермендерді әсем әндерімен тербеді. Теректі сахнасына көтерілген «Бөрлі жаршысы», «Ауыл тынысы», «Сырым елі» газеттерінің редакторлары Дариға Нұрашева, Ертай Бимұханов, Бауыржан Ширмединұлы туған жер, ауыл жайлы төл туындыларын оқып, поэзия әлеміне жетеледі.

Серікбай ХАСАНОВ

 

 

 

 

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.