22.02.2019, 19:57
Қараулар: 77
Діни сауаттылықтың маңызы зор

Діни сауаттылықтың маңызы зор

 Қаратөбе ауданының мәдени-демалыс орталығында БҚО дін мәселелерін зерттеу орталығының дінтанушы маманы Назар Өтегенұлының қатысуымен жастардың діни сауаттылығын арттыру және діни теріс ағымдардың қоғамға кері ықпалы жайында кездесу өтті.

Кездесуге келген дінтанушы маман әлеуметтік желіде немесе көшеде діни теріс ағымды ұстанушылармен танысудың ақыры адасушылыққа апарып соғатындығын, мемлекеттік сараптамадан өткен кітаптар мен газет-журналдарды ғана пайдалану керектігін ескертіп өтті.

  • Жастарды жат ағымның жетегіне еруден сақтандыру үшін халықтың діни таным дүниесі кең болуы керек. Ол үшін имамдар мен теолог мамандардан діни мәлімет пен дәріс алып, сауаттылық деңгейін көтеру өте маңызды. Ұғымымызға жат, кереғар діни ағымдардан сақтану үшін дәстүрлі дініміздің ерекшеліктерін жетік білген жөн, — дейді БҚО дін мәселелерін зерттеу орталығының дінтанушы маманы Назар Өтегенұлы.

Кезегінде сөз алған аудандық мешіт имамы Әділжан Бекқазиев отбасы тәрбиесінің ерекшеліктері жайында әңгіме өрбітті. Баланы тәрбиелеу үлігісі туралы Пайғамбарымыздың хадистерінен мысалдар келтірді.

Ислам ұғымында ата-ананың баласы алдындағы міндеті – имандылыққа тәрбиелеу. Себебі, имандылық адам өмірінің мәні. Шаңырақтарында әке мен ананың тәрбиесін көріп өскен бала ер жеткенде салиқалы отбасын құратындығын жеткізді.

Тағылымды кездесу барысында жат ағымдардың жетегінде кетпеу үшін олардан сақтанудың мүмкіндіктері, сол ағымды ұстанушылардың мінез-құлқы, ұстанған қағидалары туралы жастарға жан-жақты түсінік берілді.

Облыс орталығынан келген мейманға жастар көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды.

Кездесуді қорытындылаған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мейрамгүл Кенжеғалиева келген мейманға ислам діні жайында жастарға мағлұмат бергендігі үшін ризашылығын білдіріп, жұмысына сәттілік тіледі.

 

Тоты ЕСҚАЙЫРОВА,

Қаратөбе ауданы

 

 

 

 

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.