26.02.2019, 19:08
Қараулар: 64
Фариза шығармашылығы жас таланттарды шыңдады

Фариза шығармашылығы жас таланттарды шыңдады

23-24 ақпан күндері Атырау қаласында ақын Фариза Оңғарсынованың өлеңдерін оқу және ақын сөзіне жазылған әндерден балалар және жасөспірімдер арасында «Фариза, Фариза жан, Фариза қыз» атты республикалық байқауы өткен болатын.

Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 200-ге тарта жас өнерпаздар бақ сынады.

Аталмыш байқауға Егіндікөл жалпы орта білім беретін мектебінің үш бірдей оқушысы қатысып, өнер көрсетті.

Өнер додасының қорытындысында ән орындау бөлімінде «Эстрадалық вокал» аталымымен 8-сынып оқушысы Аружан Бүркіт, 9-сынып оқушысы Эльдар Мұхтаров жүлделі ІІ орыннан көрінді.

Ал, мәнерлеп оқу бағытында «Көркем сөз» аталымымен ­2-сынып оқушысы Диас Қайрат бас жүлдеге ие болды. Бұл өрімтал өнерпаз осыған дейін де талай республикалық байқаулардан бас жүлдемен оралып, облысымыздың, ауданымыздың атын қорғап жүрген талантты шәкірттердің бірі.

Жас көркем сөз оқудан үздік танылған балғын өнерпаз үлкен сахнада ақын өлеңдерін дауыс ырғағын келтіре, тебірене оқып қазылар алқасы тарапынан жоғары баға алды.

Оқушыларды Атырау қаласына арнайы апарған Егіндікөл жалпы орта білім беретін мектебінің музыка пәні мұғалімі Сана Жауынбайқызы жас дарындардың әлі талай байқаулардан жүлде аларына сенімі мол.

 

Тоты ЕСҚАЙЫРОВА,

Қаратөбе ауданы

 

 

 

 

 

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.