6.03.2019, 9:34
Қараулар: 52
Жастар әскерге неге жарамсыз?

Жастар әскерге неге жарамсыз?

 Наурыз-маусым айларында елімізде әскер қатарына шақыру науқаны басталады. Алайда баршаны ойландыратын бір мәселе – азаматтық борышын өтеуге жарамсыз жастардың қатары жыл өткен сайын артып барады. 

Тәуелсіз мемлекетіміздің тыныштық күзетінде ел сенімін арқалайтын ұлдарымыздың денсаулығы мықты болғаны маңызды. Осы орайда қабылданған мемлекеттік бағдарламалар саламатты өмір салтын ұстанған еліміздің жас ұрпақ тәрбиесіне ден қойып, ертеңгі қоғам тұтқасын ұстар азаматтарымыздың дені сау, шымыр да жігерлі болуына ықпал етеді.

Ауданымызда былтыр 66 адам әскер қатарына жіберілді. Олар еліміздің әр аймағында әскери қызметтерін өтеуде.

Соңғы жылдары Отан алдындағы борышын өтеушілер саны уақыт санап азайып бара жатыр. Мұның басты себебі – денсаулықтарының жарамсыздығы. Әсіресе көп кездесетін кінәраттар – қан қысымының жоғары болуы, салмақ жетіспеушілігі, көз аурулары, майтабан, жарақат алу, тері аурулары. Бұның бәрі сайып келгенде жастардың өз денсаулықтарына салғырт қарауынан, яғни саламатты өмір салтын дағдыға айналдыра алмағандықтарынан екені анық.

Мамандардың айтуынша, емделуге жіберілгендердің 70 пайызы ғана ем алатын көрінеді. Дәрігерлер тарапынан сауықтыру шаралары ұдайы ұйымдастырылып, скринингтер өткізіліп тұрады. Денсаулығында кінәраты бар жастардың дер кезінде дертінен айығуына дәрігерлік кеңестің септігі зор екені айқын. Алайда көпшілігіосыған келгенде құлықсыз. Дене шынықтыру, сапалы тамақтану, майтабанды болдырмау сынды кеңестерге атүсті қарап, кінәраттардың пайда болуына өздері жол береді.

Қазір жеткіншектеріміздің көбі компьютер мен теледидар алдында көп уақытын сарп етеді де, қимыл-қозғалысқа мән бермейді. Сөйтіп, олар әлжуаз болып, салмақ өлшемдері кем түсіп жатады.

Жақында аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімде жылдағы дәстүрге сай 2019 жылдың көктемгі әскерге шақырылушыларды медициналық куәландырудан өткізу бойынша құрылған аудандық комиссия өз жұмысын бастады. Атап айтқанда, азаматтардың Қарулы Күштерге, басқа да әскери құрылымдарға әскери қызметке жарамдылығын медициналық комиссия қолда бар нақты талаптарға сәйкес айқындайды. Бөлімге келген болашақ сарбаз соңғы бес жыл ішіндегі денсаулық жағдайы туралы мәліметтер көрсетілген медициналық құжаттарды комиссияға ұсынады.

Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Е.Мұқановтың айтуынша, екі күнге созылған комиссиядан 66 адам өткен. Енді олар ақпан айының 25-інен бастап облыс орталығында медициналық куәландырудан өтпек.

Комиссия мүшесі, ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі №2029 әскери бөлімінің аға офицері Жанат Бакиров (суретте) жастарды шекара қызметіне әскери борыштарын өтеуге шақырып, қосымша мәліметтер берді.

– Біз шекара қызметіне азаматтарды әскери борыштарын өтеуге үгіттеп жүрміз. Себебі көпшілігі облысымыздың аудандарында шекара қызметінің бар екенін біле бермейді. Әскер қатарында борышын өтегеннен кейін сарбаздардың келісімшарт бойынша қызмет етулеріне, егер жоғары білімі болса, алты айдан соң бірден келісімшарт арқылы жұмысқа қабылдануына мүмкіндігі бар.

Бұл мүмкіндіктердің барлығын ел болашағы үшін жасап отырмыз. Бүгінде жастар арасында жұмыссыздық белен алған. Тұрақты жұмысы болмағандықтан, олар теріс қылықтар мен жаман әдеттерге бой алдырады. Ал әскер оларға темірдей тәртіп пен өмірдің мәнін ұғынуға көмек береді, – дейді аға офицер Жанат Бакиров.

Медициналық куәландырудан өтуші алакөлдік Ақниет Ғаббасов (суретте) өзінің әскерге баруға ынталы екенін айтады. Орал гуманитарлық-техникалық колледжінің дене шынықтыру және спорт мамандығы студенті Ақниет оқуын аяқтаған соң шекара қызметінде әскери борышын өтегісі келеді екен.

– Басты мақсатым – Отан алдындағы әскери борышымды өтеу. Шекарада сап түзеп, еліміздің тыныштығын күзететін боламын. Қазақстан маған білім берді, бейбіт өмір сыйлады. Ендігі кезекте мен де туған жеріме қызмет етемін, – дейді болашақ сарбаз.

Тәуелсіз еліміздің шегедей нық тірегі, құрыш қамал қорғаны – оның айбынды әскері. Елдігіміздің еңселі, тұғырлы болмағы тікелей сол жандардың қолдарында. Осындай жауынгерлік борыш жүктелетін сарбаздар қатарына қосылу бүгінде оңай емес. Ал оларды тексеріп, іріктеуден өткізу жергілікті жерлерде жасақталатын медициналық комиссиялардың мойнына жүктелген.

Төл әскерлеріміздің әлеуеті артып, абыройы асқақтап келе жатқан дәл қазіргідей шақта дені сау, шымыр да шыныққан, мығым жігіттердің саны молайса игі. Отан қорғаушы жастарды елжанды, патриот, намысшыл, рухы азамат етіп тәрбиелеудің орны ерекше.

Ажаргүл ӘЛИЕВА

 

Асхатбек ШАЛАБАЕВ, БҚО мамандандырылған күзет қызметі басқармасы ММ-нің 2-полиция батальоны 5-взвод полицейі, полиция кіші сержанты:

– Мен Қаратөбенің тумасымын. Батыс Қазақстан инженерлік-техникалық колледжін аяқтағаннан кейін, 2016-2017 жылдары Алматы облысы Қапшағай қаласы №32363 әскери бөлімі десанттық шабуылдаушы әскерінде қызмет еттім. Борышымды өтеп, ауылға келген соң құжаттарымды жинап, жұмыс іздедім. Әскердегі тәртібім жақсы болғандықтан қызметке тұру қиынға соққан жоқ. Қазір Сырым ауданында БҚО мамандандырылған күзет қызметі басқармасы ММнің 2-полиция батальоны 5-взвод полицейі, полиция кіші сержанты болып қызмет атқарамын.

Көп жастар казармадағы тұрмыс жағдайының мейлінше жамандығы, тамақтың нашарлығы, әскердегі әлімжеттіктің кең етек жайып кеткені жайындағы теріс пікірлерді желеу етіп, әскерге барғысы келмейді. Студенттердің артықшылығын пайдаланып, әскерден қалу үшін жоғары оқу орнына түсуге тырысушылық та байқалады. Жұмыс жасап, қалтасынан қыруар қаражат төлеп, білім алып, енді өз нанымды өзім табам деп отырған азаматтар қатарында «әскерге барсам бір жыл босқа уақыт жоғалтып алам» деп жүргендері де бар. Бұл – қате ұғым.

Әскер – бір жылдық сәт. Таусылмас әңгіме. Ескірмес естелік. Абыройыңды асқақтататын нағыз жігіттік мектеп. Дедовщина, қаталдық деген өткен уақыттың дерті. Жоқтан қорқудың керегі жоқ. Ел басына күн туса, қару алып атойлайтын арландар керек. Өзгеру мен батыл қадам жасау – кез келген ер азаматтың міндеті. Олай болса сапқа тұр да, өзіңді өзгерт.

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.