15.04.2019, 10:39
Қараулар: 360
 «Bastau» мега жобасының жеңімпазы анықталды

 «Bastau» мега жобасының жеңімпазы анықталды

Наурыз айында Қаратөбе колледжінің ұйымдастыруымен басталған жас әншілердің «Bastau» мега жобасының финалдық кезеңі өтті.

Ауданда тұңғыш рет өткізіліп отырған жобаға 13-16 жас аралығындағы кәсіби немесе әуесқой әншілер қатысты. Конкурстың мақсаты  ән өнерін насихаттау және талантты жастарды анықтап, шығармашылығын шыңдау.

Өнер додасының іріктеу кезеңіне ауданымыздың елді мекендерінен 30-дан аса талапкер бақ сынап, үздік деп танылған 14 қатысушы финалдық кезеңге жолдама алған болатын.

Іріктеу кезеңінде финалисттерге еркін тақырыпта ән шырқап, қойылым дайындауға тапсырма берілген болатын. Берілген тапсырманы жоғары деңгейде орындаған үздіктер бірінен бірі қалыспады.

Үміткерлердің өнерін аудандық балалар саз мектебінің директоры Аягүл Бисенғалиева мен халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Рүстем Ақташев бастаған қазылар алқасы бағалады.

Аталмыш байқауда топ жарған үздіктерге диплом мен арнайы сыйлықтар табысталды. Ал, байқаудың бас жүлдесіне тігілген 100 мың теңгені қалдығайтылық жас өнерпаз Сисенбаева Жансәуле жеңіп алды. Табиғи дауысымен көрермен мен әділ қазыларды іріктеу кезеңінде тәнті еткен ару финалда да өзін жоғары деңгейде көрсетті. Жансәуленің

жетекшісі – дарынды шәкірттерді дайындап, өнерге қанат қақтырған Қалдығайты орта мектебінің ұстазы Сәнім Аронова.

–  Финалдық  кезең өте жоғары деңгейде өтті. Балалардың барлығы талантты. Осындай ауқымды жоба елді мекендердегі таланттарды табуға ықпал етеді. Біз білмейтін, көрінбей жүрген өнерпаздар көп болды. Барлығында да табиғи дарын бар. Алдағы уақытта ауданымызда осындай жобалар ұйымдастырылса деген тілегім бар дейді, — қазылар алқасының төрайымы Аягүл Миллатқызы.

Қаратөбе колледжінің директоры, өнер жанашыры Мәулен Салахадденнің айтуынша, жоба жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілмек.

Ажаргүл ӘЛИЕВА,

Қаратөбе ауданы